Барлығы 96 адам басқа жаққа көшірілді. Олар өз шаруашылықтары аумағындағы елді мекендерде орналастырылды. 29 жай үй су ішінде қалды.
ҚР төтенше жағдайлар жөніндегі министрлігінің ақпаратына сәйкес, Қызылорда облысының Сырдария, Жалағаш, Қармақшы және Қазалы сынды төрт ауданында дарияның жағалауын нығайту және қалпына келтіру жұмыстары одан әрі жалғасуда. Қармақшы ауданындағы «Қызылтам» және «Жаңажол» учаскелерінде қорғаныс бөгеттерді нығайту жұмыстары жалғасуда. «Қурайлы жармасы», «Балажарма» және «Наурызбай» каналдарынан су әкетіле бастады. Жалағаш ауданындағы «Қорғанша» учаскесінде қорғаныс бөгеттерді қалпына келтіру жұмыстары аяқталды. Техниканың басым бөлігі Сырдария ауданына жіберілді.
13-қаңтар, 20 сағаттағы жағдаймен Шардара су қоймасынан Сырдарияның төменгі сағасына жіберілетін су көлемі 612 текше метрге дейін жетті. Қызылорда гидроузелінен төмен қарай жіберілетін реттелетін су көлемі секундына 522 текше метрді құрайды.
Кеше, 13-қаңтарда төтенше жағдайлардың алдын алу және зардаптарын жою жөніндегі мекемеаралық мемлекеттік комиссияның отырысында ҚР төтенше жағдайлар жөніндегі министрлігінің басшылығы Қызылорда облысы мен аудан әкімдерінің төтенше жағдайлардың алдын алу жөніндегі жұмысына қанағаттанарлықсыз деген баға берді. Бұл туралы KZ-today тілшісіне ҚР төтенше жағдайлар жөніндегі министрлігінің баспасөз хатшысы Қайрат Тарбаев хабарлады.
Отырыс қорытындысы бойынша облыс және аудан әкімдеріне апаттық және көшіру жұмыстарын дер кезінде жүзеге асыруға шаралар қолдану, сондай-ақ, осындай жағдайдың қалыптасуына бұдан былай жол бермеу туралы тапсырма берілді. Ауылшаруашылығы министрлігіне су алу жұмыстарының тиімділігін арттыруды реттеу, Сырдарияның бассейні мен бөгеттердің ахуалына мониторинг жүргізуді жолға қою туралы нұсқау берілді.
ҚР төтенше жағдайлар жөніндегі министрлігінің ақпаратына сәйкес, қазір аймақтағы қалпына келтіру жұмыстарына 810 адам мен 151 техника жұмылдырылған.