Жиналыста кеңестің бұған дейінгі отырысы шешімдерінің орындалуы мен 2004-жылғы темір жолды пайдалану қорытындылары, жолаушы және жүк тасымалдаушы поездардың қозғалыс кестесі нормативтері, жүк вагондары санағының қорытындысы мен 2004-жылғы контейнерлер санағының қорытындысы қаралады.
Сонымен бірге поездар қозғалысын шұғыл үйлестіру жүйесін жетілдіру және халықаралық бағыттарда қатынайтын поездардың вагондар паркін үйлестіруді жетілдіру, жүк вагондарына техникалық қызмет көрсету және жөндеу, ірі тоннажды рефрижераторлармен жүк тасымалдау жағдайлары мен халықаралық бағыттарда арнаулы тұғырнамалардағы контейнерлермен жүк тасымалдау шарттары талқыланбақшы.
ТМД және Балтық елдері теміржол транспорты жөніндегі кеңес 1992-жылдың 14-ақпанында құрылған. Кеңестің басты мақсаты — темір жол транспортының жұмысын халықаралық деңгейде үйлестіру, жүк вагондары мен контейнерлерді бірлесіп пайдалануды ұйымдастыру болып табылады.