Ал Қазақстанның мемлекет және құқық институтының директоры Ғайрат Сапарғалиевтің айтуынша, «Қазақстан конституциясының жекелеген баптары жүзеге асырылмаған екен деп оны түбегейлі өзгертуді талап ету, ескірді деп елемеу қисынға келмейді».
Құқықтанушылар осыған байланысты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен парламент депутаттарының атына ашық хат жазғанын хабарлады. Хатта атап көрсетілгеніндей, «қазіргі қолданыстағы Ата заңда баршамыз талпынатын, бірақ іс жүзінде орындап бағына бермейтін дүниелер көп». Дегенмен, профессорлардың пайымдауынша, кемшіліксіз Ата заң, немесе, ешбір мінсіз құқықтық-нормативтік акт деген болмайды және оларға уақыт талабына сәйкес түзетулер енгізіліп отыратыны заңды құбылыс.
Құқықтанушылардың пайымдауынша, ҚР Конституциясының 10 жылдығына орай «басты заңның әлеуетінің жүзеге асырылу жағдайына талдау жасап, Ата заңның қағидаларын кеңінен насихаттауға шаралар қолданған абзал». Профессорлардың пайымдауынша, «Қазақстан президентінің жанындағы азаматтық қоғам және демократияландыру мәселелері жөніндегі ұлттық комиссия аясында басталған саяси диалог көп жақты болуы тиіс. Оған тек саяси партиялар ғана емес, сонымен бірге ғалымдар, соның ішінде құқықтанушы-ғалымдар да қатысқаны жөн».