Бұл туралы Ресей Федерациясындағы Қазақстан елшілігінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада айтылған.
Меморандумда атап көрсетілгеніндей, Қазақстандықтар В.Жириновскийдің 18-қаңтарда Қазақстан мемлекетіне қатысты айтқан пікір-пайымын үлкен алаңдаушылықпен қабылдап, байыбына бара алмай отыр.
«Ресей Федерациясының заң шығарушы жоғарғы органының бір жетекшісі ретінде В.Жириновскийдің Қазақстанның мемлекеттілігіне, қазақ тіліне, аумақтық біртұтастығына күмән келтіріп, тіл тигізуі екі мемлекет арасында қалыптасқан стратегиялық әріптестік пен бейбіт көршілік сипатқа мүлдем сай келмейді.Қазақстан бұл пайымдауларды Қазақстан және Ресей халықтарының арасында ұлттық араздық пен өшпенділік тудыруға бағытталған қитұрқы қадам, өзара мәңгілік достық және одақтастық туралы декларацияның қағидаларына мүлдем кереғар, екі елдің Конституциялық нормаларын бұзатын пиғыл деп бағалайды»,- делінген құжатта.
Құжатта атап көрсетілгеніндей, Қазақстан мен Ресейдің қылмыстық заңнамасына сәйкес, В.Жириновскийдің әрекеттерінде қылмыстық сипат бар.
ҚР СІМ Ресейдің танымал саяси қайраткерінің пікір-көзқарасына Ресейдің жоғарғы басшылығы тарапынан ресми баға берілмегеніне өкініш білдіреді. Құжатта Қазақстан мен оның халқына қатысты мұндай өрескел ой-пікірге жол берілмейтіндігі айтылған.
Құжатты табыс ету барысында В.Лощинин Ресейдің бұл мәселеге қатысты ресми ұстанымын Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасын делимитациялау туралы келісімге қол қою дерегінен -ақ аңғаруға болады, бұл — Қазақстан мен Ресей арасындағы айнымас достық пен стратегиялық әріптестіктің айқын дәлелі деп мәлімдеді.
В.Лощинин сонымен бірге РФ басшылығының ресми ұстанымы В.Жириновскийдің пікірімен мүлдем ұштаспайды деп мәлімдеді.
Ресейлік дипломат сондай-ақ РФ СІМ Қазақстан жағының алаңдаушылығын түсінетінін жеткізді. Ол меморандум елдің жоғарғы басшылығына, соның ішінде Мемлекеттік дума жетекшілеріне жеткізіледі деп сендірді.