Мәлімдемеге сәйкес, пленумға Қазақстанның «Ақжол» демократиялық партиясының орталық кеңесінің төралқа мүшелері Болат Әбілов, Ораз Жандосов пен Алтынбек Сәрсенбаев қатыспаған. Тең төрағалардың пікірінше, » орталық аппаратты бақылау құқығы мен партия белсенділерінің бейхабарлық ахуалын пайдаланып отырыс өткізген» Әлихан Бәйменов басқарған партия төралқасының бір топ мүшелері «партияның жоғарғы органы -Сьездің шешіміне күдік келтірді». Бұл отырыста «Үйлестіру кеңесінің іс-қызметі мен демократиялық күштерді біріктіру идеясы еш негізсіз қатаң сынға ұшыраған»,- делінген мәлімдемеде.
Осыған байланысты «Ақжол» демократиялық партиясының тең төрағаларының пайымдауынша, «аталыш жиналысты өткізу — партияны ыдыратуға бағытталған қасақана әрекет болмақ».
Осының алдында ғана баспасөз мәслихатын өткізген партияның тағы бір тең төрағасы Әлихан Бәйменов Қазақстанның «Ақжол» демократиялық партиясының орталық кеңесінің кезектен тыс пленумы қоғамдық бірлестіктің тең төрағасы Алтынбек Сәрсенбаевқа Қазақстандағы басқа саяси күштермен ынтымақтастық және ықпалдастық мәселелері бойынша партияның жарғысы мен бағдарламалық құжаттарының тәртібін бұзғаны үшін сенімсіздік білдірді деп мәлімдеген болатын.