Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, ҚР Ұлттық банкінің бастамасымен жасалған бұл заң жобасы валюталық реттеуді оңтайландыру, капитал ағыны туралы ақпараттық базаның қайнар көздері мен параметрлерін жетілдіру арқылы сыртқы экономикалық операцияларға қатысушылар үшін валюталық режимді одан әрі ырықсыздандыруға нақты бағдар ұстану мақсатымен жасалған.
Сенаторлар заң жобасына редакциялау және нақтылау сипатындағы бірқатар түзетулер енгізді. Мәселен, заң жобасының кейбір баптары Салық және Кеден кодекстеріне сәйкестендірілді. Сонымен бірге сенаторлар заң жобасындағы сыртқы экономикалық операцияларға қатысушылар валюталық заңнаманы бұзған жағдайда Ұлттық банк тарапынан жасалатын әрекеттерге қатысты бапты өзгертті. Сенаттың түзетуіне сәйкес, «уәкілетті банктер мен уәкілетті ұйымдар өз айырбас бөлімшелері арқылы шетел валютасын айырбастау тәртіптерін бұзу дерегі анықталған жағдайда Ұлттық банк ақша айырбастау бөлімшесінің тіркеу куәлігінің мерзімін 6 айға дейін тоқтатуға құқылы» болмақ.
Сонымен бірге сенаторлар «Лицензия беру туралы заңға» валюталық реттеу және валюталық бақылау мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы» заң жобасын да мәжіліске қайтарды. Бұл заң жобасы валюталық режимді ырықсыздандыру шараларының аясында валюталық құндылықтарды пайдалануға қатысты лицензия берілетін қызмет түрлері мен операциялар тізімін анықтау мақсатымен жобаланған. Заң жобасымен жұмыс барысында сенаторлар «Қазақстан даму банкі туралы» заңның 7-бабына түзету енгізді. Соған сәйкес, Қазақстан даму банкі қолма-қол шетел валютасына қатысты операциялардан басқа шетел валютасын айырбастау шараларын лицензиясыз жүзеге асыру құқығына ие болмақ. Сенаттың экономика, қаржы және бюджет жөніндегі комитетінің қорытындысында атап көрсетілгеніндей, бұл норма ҚР үкіметімен келісілген.