С.Савченконың айтуынша, қатерлі ісік дертінің 3-4 сатысындағы адамдарға жәрдемдесетін аппарат қазір жұмыссыз. Оның айтуынша, бір ғана Алматыда мұндай көмек 1,5 мыңнан астам әйелге қажет болып отыр.
Баспасөз мәслихатына қатысушылар таратқан баспасөз баянындағы ақпаратқа сәйкес, бүгінде Қазақ онкология және радиология ҒЗИ-ында 3,5 млн. долларға сатып алынған, беттік ісіктерді сәулемен емдеуге арналған «Клинак-2100» атты аппарат пен жақын фокусты ренггенмен емдеуге арналған РУМ-7 аппараты істен шыққан.
Ал С.Савченконың айтуынша, медициналық жабдықтарды жөндеуге арналған қаржы мемлекеттен шығарылған. «Жабдықты сатып алуға арналған тендер өткізіліп, жеңімпаз компанияға қаржы бөлінген»,- дейді ол.
Сонымен бірге қоғамдық қор президентінің айтуынша, ұйымға арыз-шағым айта келген онкологиялық науқастар емдеу қаржысы арнаулы квота бойынша мемлекеттен бөлінетініне қарамастан, олардан дәрігерлік қызмет ақысы талап етілетінін жеткізген. Адамдар сондай-ақ «квотаны тосып 5 айдай әуре-сарсаңға түскендерін» айтуда. С.Савченконың айтуынша, «мұндай ахуалды түбірімен өзгерту қажет». Аурудың ерекшелігіне байланысты қатерлі ісік дертіне шалдыққандар ақысыз емделу кезегін осыншама ұзақ уақыт бойы күте алмайды, деді ол.
Осыған байланысты С.Савченко «Қазақстан тұтынушыларының ұлттық лигасы» науқастар құқығын қорғау үшін қоғамдық кеңес құруға бастама көтергенін еске салды.