Қ.Сәтімбековтың айтуынша, тексеру қорытындысы айғақтағанындай, «жергілікті мекемелер тіпті мемлекет тарапынан өздеріне жүктелген функцияны атқаруға қажетті ақпараттан да бейхабар болып шықты».
Қ.Сәтімбеков осы орайда ҚР үкіметі 2002-жылдың қараша айында жергілікті билік органдарына еліміздегі жылжымайтын мүлікті есепке алу туралы тапсырма бергенін еске салды. Алайда, Қостанай облысының қалалары мен аудандарының ешқайсысында да бұл жұмыс аяқталған жоқ. Денисов, Қарасу, Қарабалық, Амангелді, Сарыкөл, Ұзынкөл және Федоров аудандарында бір де баспана коммуналдық ретінде тіркелмеген. Ал әкімшіліктің балансында мұндай тұрғын үйлер бар.
Тұрғын үй қатынастары туралы заңға сәйкес, мемлекеттік тұрғын үй қоры нысандарын жекешелендіруге кейбір жағдайларда ғана рұқсат етілген. Мәселен, осындай тұрғын үйді жекешелендіру құқығына ие болу үшін мемлекеттік қызметте 10 жыл жұмыс істеген болу керек. Алайда, Рудный қаласы мен Ұзынкөл ауылында жұмыс өтілі жетпеген екі мемлекеттік қызметкердің баспананы жекешелендіріп алу дерегі тіркелген.
Облыстың бір де ауданында мемлекеттік қордан тұрғын үй алуға құқылы азаматтардың тізімі жүргізілмеген. Кейбір аудандарда әкімшілікке осындай баспана беру жөнінде өтініш айта келген адамдарға оны қанағаттандырудан бас тарту деректері тіркелген. Қостанай ауданына басқа бір де бір ауданда тұрғын үй комиссиялары құрылмаған.
Тұрғын үй қорын оңтайландыру шарасы жүзеге асырылған Жетіқара және Арқалық қалаларында күрделі ахуал қалыптасып отыр. Бұл қалаларда әкімшіліктің шешімімен баспанаға зәру тұрғындар заңдық нормаларды сақтамай иесіз қалған пәтерлерге жіберілген. Қазір иелері қайтадан оралып, пәтерлерін босатып беруді талап етуде. Арқалықта соттың шешімімен осындай 40 отбасы үйлерін босатты.
Қостанай облысы әкімінің орынбасары Альберт Раудың айтуынша, бүгінде тұрғын үй қору туралы ақпараттар жиналуда. Бұл іс аяқталғаннан кейін облыстық бюджетке бос тұрған пәтерлерді иесіз ретінде тіркеуге қаржы қарастырылады. Қазіргі жағдаймен Қостанай облысында тұрғындардың 2,3 проценті немесе 7 мың отбасы баспанаға зәру.