Н.Чоудхаридің айтуынша, өрт салдарынан ұзындығы 40 шақырымды құрайтын қымбат кабель өртеніп, электротехникалық негізгі жабдықтар істен шықты.
Компания «қыруар шығынға батты» , деді ол.
Дегенмен, АҚ-ның бас директоры облыс әкімін қалпына келтіру жұмыстарының барысында цех жұмысшыларынан бір де адам жұмысынан немесе жалақысынан айрылмайды деп сендірді.
Қазір өрттің залал-зардабын жоюға ауқымды күш-құралдар тартылып отыр. Прокат цехы 25-наурызға дейін іске қосылуы мүмкін. Комбинат әкімшілігі апат болған цехты күшейтілген күзетке алуға қол ұшын беру туралы билікке өтініш білдірді. Жылу мен жарығы жоқ цехта қазірдің өзінде тонаушылық оқиғалары тіркеле бастаған.
Н.Чоудхаридің айтуынша, «Миттал Стил Теміртау» АҚ-ның алдына қазір екі түрлі басты мақсат қойылып отыр: цехтың жұмысын қалпына келтіру және өнім өткізетін рынокты сақтап қалу. Клиенттерден айрылып қалмау үшін комбинат әзірге прокатты Чехия, Румыния және Ресейден сатып алады.
Теміртауда цех проблемаларын шешуге арналған шұғыл штаб құрылды. Теміртау қаласының әкіміне комбинаттағы ахуал туралы облыс әкіміне күн сайын егжей-тегжейлі есеп беріп отыру туралы бұйрық берілді.
«Миттал Стил Теміртау» АҚ металлургиялық комбинатының бас директорымен кездесуде К.Мұхамеджанов жұмысшылардың жалақысы туралы мәселе көтеріп, оны наурыз айының басында құрыш-болат және көмір департаменттері кәсіподақ ұйымдарымен бірлесе отырып талқылауды ұсынды. Наурыз айының басында Теміртауға «Миттал Стил» трансұлттық компаниясының директорлары кеңесінің төрағасы Лакшми Миттал келеді деп күтілуде.