Елшіліктің түсініктемесіне сүйенсек, 2005-жылы Өзбекстан Қырғызстанға табиғи газ беру туралы келісім-шартына қол қоймаған. Осыған байланысты Қырғызстан өз аумағы арқылы өтетін Бұхара — Ташкент — Шымкент — Алматы құбырынан газ алып пайдалануда. Бұл құбырмен елімізге жіберілетін газ көлемі сағатына 300 мың текше метрді құрайды. Оның 100 мың текше метрін Қырғызстан алып пайдаланып отыр.
7-ақпанда Бішкекте ҚР энергетика және минералды ресурстар министрі Владимир Школьниктің қатысуымен өткен келіссөздер кезінде Қырғызстан Бішкек жылу электр орталығының мұқтаждығына деп қосымша 20 мың текше метр газ сұраған. Алайда, Қазақстандық сарапшылардың пікірінше, бұл көлем Алматыдағы газ құбырындағы қысымды біршама төмендетіп жібермек.
Газ құбырынан рұқсатсыз газ алып пайдалану тәжірибесі жеке ресурстардың жетімсіздігіне байланысты. Қырғызстанның экономикалық даму, өнеркәсіп және даму министрлігінің мәліметіне сәйкес, 2004-жылы Қырғызстанда 72,9 мың тонна мұнай мен 29,1 млн. текше метр газ өндірілген. Былтырғы жылмен салыстырғанда өндірілген мұнай көлемі 5,8 процентке, газ көлемі 4,8 процентке артты. Алайда бұның өзі ішкі отын сұранысын қамтамасыз ете алмай отыр.