Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа жолдауының негізгі қағидаларын түрік қоғамына кеңінен таныстыру мақсатында Қазақстан елшілігі Түркияның түрлі аймақтарында іс-шаралар өткізуде. Мәселен осы елдегі еліміз елшісі Аманжол Жанқұлиев Измир қаласында баспасөз мәслихатын өткізіп, Қазақстанда жүргізіліп отырған саяси және экономикалық реформалардың мәнін түсіндірді. Атап айтқанда, жолдаудың әлеуметтік-экономикалық саясатқа, қоғамды демократияландыру мәселесіне, сондай-ақ, елдің сыртқы саясатына бағытталған тарауларына ерекше назар аударылды.
Сондай-ақ Анкара, Стамбұл, Конья, Эскишехир және Бурса қалаларында жергілікті билік органдарының қолдауымен Түркияда тұратын және сонда оқып білім алып жатқан Қазақстан азаматтары мен студенттермен, жергілікті қазақ диаспорасы өкілдерімен кездесулер ұйымдастырылып, олардың барысында Қазақстан президенті жолдауының басты қағидалары таныстырылумен бірге жолдаудың түрік тіліндегі мәтіні таратылды.
Жолдаудың басты қағидаларын насихаттау мақсатында елшілік жергілікті дипломатиялық, саяси, қоғамдық және іскерлік әлемі өкілдерінің арасындағы түсіндірме жұмыстарын жалғастыруда.