ЕурАзЭҚ бас хатшысы Григорий Рапотаның мәжіліс басталар алдында мәлімдегеніндей, бүгін күн тәртібінде 20 мәселе қаралады. «Атап айтсақ, валюталық-қаржылық саясат саласында біртұтас валюталық интеграциялық рынок құру және экономикалық көрсеткіштерді келісу саласындағы мәселелер талқыланып, мемлекеттер экономикасын дамытудың орта мерзімді перспективасы туралы баяндама тыңдалады»,- деді ол. Аумақтық саясат мәселелері де қаралады,-деді Г.Рапота. «Бұл — біздің әрбір отырыста қаралатын күрделі мәселелердің бірі»,- деді ол.
Кездесу басталар алдында таратылған баспасөз баянында атап көрсетілгеніндей, отырыс барысында кедендік төлемдердің өтелуін қамтамасыз ету жөніндегі келісімнің жобасы қаралады. Отырысқа қатысушылар мемлекеттердің орта мерзімді әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламаларының орындалу барысы туралы пікір алмасып, экономикалық реформалар барысында өзара іс-әрекеттерді келісе жүргізуге қатысты нұсқауларды талқылайды.
ЕурАзЭҚ 2000-жылдың қазан айында құрылған. Қоғамдастыққа Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан енеді. Армения, Молдова және Украина Қоғамдастық жанындағы бақылаушы мәртебесіне ие.
Интеграциялық комитет- Қоғамдастықтың тұрақты жұмыс істеуші органы болып табылады. Комитет құрамына еуразиялық «бестікке» қамтылатын елдердің үкімет басшыларының орынбасарлары кіреді. Интеграциялық комитет ЕурАзЭҚ органдарының өзара ықпалдастығын қамтамасыз ету, одаққа мүше елдердің мемлекет және үкімет басшылары құрамына кіретін Қоғамдастықтың жоғары органы — Мемлекетаралық кеңес отырыстарының күн тәртібі бойынша ұсыныстар әзірлеу міндеттерін атқарады. Интеграциялық комитет ЕурАзЭҚ бюджетін қалыптастыру мәселесі бойынша ұсыныстар дайындап, оның орындалуын қадағалайды. Сондай-ақ, мемлекетаралық кеңес тарапынан қабылданған шешімдердің жүзеге асырылуына бақылау қою да комитет функциясына жатады.