Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 2004-жылдың маусым айында мерзімді әскери борышын өтеуге әскер қатарына шақырылған 20 жастағы бозбала Астанадағы әскери бөлімнен қашып, тұрғылықты жері — Павлодарға оралған болатын. 2004-жылдың шілде-қыркүйек айлары аралығында қашқын көлігін иемденіп алу үшін такси жүргізушілеріне шабуыл жасап келген қылмыстық топтың құрамына бірігеді. Осы топпен бірге ол такси жүргізушілеріне қарақшылық шабуылдар жасау және кісі өлтіру оқиғаларына қатысқан.
Сот оны ҚР Қылмыстық Кодексінің әскерден қашу жөніндегі 373-ші, кісі өлтіру жөніндегі 96-шы, қарақшылық шабуыл жөніндегі 179-баптары бойынша айыпты деп тауып, қатаң тәртіпті абақтыға 19 жылға қамау туралы үкім шығарды.
Бұл іс бойынша айыпкерлер ретінде жауынгермен бірге тағы 6 адам жауапқа тартылды. Қылмыстық топтың мүшелері 2001-2004-жылдар аралығында екі кісі өлтіру, кісі өлтіруге әрекет жасау, үш қарақшылық шабуыл, тонаушылық және алаяқтық тәрізді ауыр және аса ауыр қылмыс түрлеріне барған. Сот айыпкерлерге 13-21 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын жүктеді.