Еліміздің таңдаулы сарапшылары өздерінің Шымкенттік әріптестерін діни сипаттағы кітаптар, кітапшалар мен үнпарақтардың жалпы бағыт-бағдарын айқындау, олардың қандай сектаға жататынын анықтау, жазылған дүниелердің қылмыстық астарын бағамдау жолдарына үйретті.
ҚР әділет министрлігінің сот сараптамасы орталығы психологиялық-криминалистикалық сараптама қызметінің жетекшісі Анар Садығанның айтуынша, заңсыз діни-саяси қозғалыстардың мүшелері әсіресе еліміздің оңтүстік өңірлерінде белсенділік танытуда. Осыған байланысты 2005-жылдың қаңтар айында Шымкентте психологиялық-филологиялық зерттеулер бөлімі құрылды. Ол ҚР әділет министрлігі сот сараптамасы орталығының Оңтүстік Қазақстан облыстық ғылыми-өндірістік зертханасының жанында жұмыс істеуде. Өткен үш айда бұл зертханада 20 теологиялық сараптама жұмыстары жүзеге асырылып, олар Қазақстанда экстремистік ұйым деп танылған «Хизб-ут-Тахрир» қозғалысының белсенділеріне қатысты соттың айыптау қорытындысына негіз болды.
Жалпы алғанда 2001-2003-жылдар аралығында еліміздің сарапшылары 90 теологиялық сараптама жүргізді. Ал 2004-жылы психологиялық-криминалистік сараптамалар саны 224-ке жетті.