Оның айтуынша, қазіргі жағдаймен банктер ипотекалық несиелердің өсімін 10 процентке дейін төмендете алады. «Бізге қазір инфляция бәрін жеп қоюдың салдарынан ипотекалық несиелердің ставкасын төмендете алмаймыз дегенді алға тартқанымен, шын мәнінде ипотекалық компаниялар осындай несиелер тарату арқылы қыруар қаржы табуда. Олар тіпті ипотекалық несиелерді таратудан тапқан пайданы басқа елдерге реинвестиция түрінде жұмсай бастады»,- деді А.Саматдин.
Баспасөз мәслихатына қатысушылардың мәлімдеуінше, таяу жылдары елімізде жылжымайтын мүліктің бағасы өспейді. Қазақстанның риэлторлар қауымдастығының вице-президенті Александр Кимнің пайымдауынша, қазіргідей коммерциялық жылжымайтын мүлік пен тұрғын үйге деген сұраныстың ұсыныстан арту ағымына қарамастан, алдағы екі жылда жылжымайтын мүлік рыногындағы баға тұрақтанады.
«Рынок қазірдің өзінде қаныға бастады. Ұсыныс іс жүзінде сұранысты қуып жетуге жақын»,- деді А.Ким. Ол сонымен бірге тұрғын үй бағдарламасын жүзеге асыру еліміздегі жылжымайтын мүлік рыногындағы ахуалды тұрақтандыра түседі деп атап өтті.