Кеңесті аша отырып, Даниал Ахметов президенттің Қазақстан халқына арнаған жолдауында айтылған тапсырмаларды іске асыру аясында аталған бағдарлама кәсіпкерлік ортадағы бастаманы іске асыру үшін қолайлы жағдай туғызуға бағытталатын, мемлекеттің жеке сектормен өзара іс-қимылының жаңа идеологиясын принципті түрде құруды көздейтінін қадап айтты.
Бағдарламаның маңызды міндеті, жобаны әзірлеушілердің айтуынша, шағын және орта кәсіпкерлік үшін экономиканы төрешілдіктен арылту, көлеңкелі айналымды қысқарту, профильді емес функцияны мемлекеттен алып рыноктік ортаға беру, сондай-ақ кластерлік-желілік қадамдар негізінде өміршең инфрақұрылымды құру жөніндегі қосымша шараларды қабылдауда кең көлемде ашық заңнамалық негіз қалыптастыру болып табылады.
Бұдан басқа, бухгалтерлік есеп және салық салу, құқықтық, экономикалық, білім беру және өзге мәселелер жөнінде кәсіпкерлерге орталықтандырылған қызмет көрсетуді қамтамасыз ететін шағын кәсіпкерлікті дамыту қорын құру көзделуде. Сарапшылардың пікірінше, қор президент тапсырмасына сәйкес, «жалғыз терезе» принципі бойынша жұмыс жасайтын, қаржылық супермаркет болып табылады. Оның аумақтық және аудандық бөлімшелері жанынан құқықтық ақпарат бөлмелері, сондай-ақ кәсіпкерлікті қолдау орталықтары құрылатын болады.
Кеңесті қорытындылай келе, премьер-министр құжаттарды әзірлеу барысында бірқатар мемлекеттік органдардың өкілдерінің қатысуымен, кәсіпкерлердің белсенді араласуымен едәуір жұмыс жүргізілгенін атап өтті. Ол ынтымақтаса және бірлесіп жүргізілген осындай жұмыс үзіліп қалмауы керектігіне тоқталды. Үкімет басшысы әріптестік дамуы қажеттігіне және нығая түсуіне тілектестігін білдірді.
Кеңес барысында айтылған ескертпелер мен ұсыныстарды ескеріліп, бағдарлама жобасы пысықталып, таяу уақытта үкіметтің бекітуіне ұсынылатын болды.