Өз кезегінде Н.Әбіқаев: «біз Францияның Орталық Азия аймағына, соның ішінде Қазақстанға деген қызығушылығын жоғары бағалаймыз»,- деп атап өтті. Сенат спикерінің айтуынша, Қазақстанның 2009-жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық жасауға деген талпынысы «Еуразиялық кеңістікте қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісіне өзіндік үлес қосуға деген құлшыныстан» туындап отыр.
Н.Әбіқаев Франция президенті Жак Ширактың Қазақстандағы тәуелсіздік жылдарында қол жеткізілген жетістіктерге, Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған жолдауында көрініс тапқандай елді үдемелі қарқынмен жаңалау жоспарларына жоғары баға берген хатын осындағылардың ризашылықпен қабылдағанын атап өтті. Сұхбат барысында екі ел парламенттері арасында етене жақын байланыс орнату қажеттігі атап өтілді.