Бұл топ Шымкенттегі бір жеке меншік гаражда есірткі қоймасын жабдықтап алған екен. Бұл жерге Ауған героины, Қырғызстан мен Өзбекстаннан апиын жеткізіліп отырған. Мұнда есірткі түрлері сортталып, құпия қоймалармен жабдықталған көліктердің көмегімен Ресейге жеткізіп отырған, делініпті баспасөз баянында.
ҰҚКД-нің шұғыл тергеу тобы қылмыстық топтың мүшелерін 12-наурызда қылмыс үстінде ұстады. Ұсталғандардың арасында Оңтүстік Қазақстан облыстық ІІББ-ның қызметкері, Тәжікстандық жеке кәсіпкер мен Шымкенттік жұмыссыз тұрғын бар. Гараждағы тінту кезінде 36 кило героин, 238 кило апиын, есірткі салуға арналған, араб тіліндегі жазуы мен таңбалары бар 70 дорба табылды. Сонымен бірге бұл жерден электрон таразылар, есірткі заттары салынған автокөлік доңғалағы камераларының бөлшектері, полиэтилен дорбалар мен скотч тәрізді заттар шықты.
Бұл дерек бойынша ҰҚКД-нің тергеу басқармасы ҚР Қылмыстық істер кодексінің «Есірткі немесе психотроптық заттарды заңсыз сатып алу, тасымалдау, сақтау және өңдеу немесе сату» жөніндегі 259-бабы, 4-тармағы, «а,б» тармақшалары бойынша қылмыстық іс қозғады. Екі Қазақстан азаматы тұтқындалып, ҰҚКД-нің уақытша тергеу абақтысына қамалды. Тәжікстан азаматының аталмыш қылмыстық топқа қатысы бар- жоқтығын айқындауға шаралар қолданылуда.
Осы топпен бір уақытта Астана маңында ҰҚК қызметкерлерінің аңдуында болған «Land Cruiser» автокөлігі ұсталды. Тінту кезінде автокөліктің жанармай қорабынан «шымкент» партиясына жататын 30 кило апиын мен 30 кило героин табылды.