Федералдық ғарыш орталығының ақпаратына сәйкес, 9-сәуірде Ю.Гагарин атындағы ғарышкерлерді дайындау орталығының мамандарымен бірге ғарыш айлағына Халықаралық ғарыш станциясына жол тартатын 11-экспедицияның негізгі және қосалқы экипаждары мен 8-экипаж мүшелері келеді.
Құрамына Ресейлік ғарышкер Сергей Крикалев, АҚШ астронавты Джон Филлипс, Еуропалық астронавт, Италия азаматы Роберто Виттори кіретін негізгі экипаж бен қосалқы құрамаға кіретін Ресейлік Михаил Тюрин мен АҚШ азаматы Даниэль Тани ұшу алдындағы ақырғы операцияларды жүзеге асырады. 14-сәуірде мемлекеттік комиссияның отырысы өтіп, ол экспедицияның экипажы құрамын бекітеді.
Сонымен бірге ғарыш айлағында «Союз-ТМА-6» ғарыш кемесін алып ұшатын «Союз-ФГ» зымыран тасығышын ұшуға дайындау жұмыстары жалғасуда. 5-сәуірден бастап 112-алаңдағы монтаж-сынақ корпусында мамандар ғарышкерлерді апаттық құтқару жүйесін тексеруге кірісті. «Союз-ФГ» зымыран тасығышын ұшуға дайындау жұмыстары 11-сәуірге дейін созылады. 12-сәуірде зымыран-тасығыш «Союз-ТМА-6» ғарыш кемесімен түйіседі.
«Союз-ТМА-6» ғарыш кемесін алып ұшатын «Союз-ФГ» зымыран тасығышы 15-сәуірде Астана уақыты бойынша 6 сағат 46 минутта ұшырылады.