«Республика президентінің іс-қызметіне кепілдіктер беру туралы» заңға Асқар Ақаевтың жүргізіп отырған саясатына көптен бері қарсылық білдіріп келген оппозиция өкілі, депутат Әзімбек Бекназаровтың бастамасымен өзгерістер енгізілді.
Депутаттың пікірінше, А.Ақаевқа заңда көрсетілген жеңілдіктер мен артықшылықтарды беру кезекті наразылық шараларына алып келуі ықтимал. Осыған байланысты депутаттар заңнан Қырғызстан Республикасының алғашқы президентінің мәртебесі мен оған берілетін кепілдіктер туралы тарауды толығымен алып тастады.
Алынып тасталған тарауда алғашқы президентті өкілетті мерзімінде кез -келген әрекеті немесе әрекетсіздігі үшін қылмыстық немесе әкімшілік жауапкершілікке тартуға мүмкіндік берілмеген болатын. Сонымен бірге заңның бұрынғы мәтінінде алғашқы президенттің тұрғын үйіне, ол иемденген қызмет бабындағы мекен-жайлар мен көлік құралдарына, ол пайдаланған байланыс құралдары мен мұрағаттарға қол сұғылмайтыны айтылған. Ақаев отбасының мүшелері де осындай артықшылықтарға ие болған еді.
Парламент депутаттары А.Ақаевтың отставкасын қабылдау мәселесін қарауды тағы да кейінге қалдырды. Депутаттар бұл мәселені 11-сәуір, дүйсенбіде талқылайды деп күтілуде.