Шара ғарышкерлер экипажы тұрып жатқан «Ғарышкер» қонақ үйінің жанындағы 17-алаңда өтті. Негізгі және қосалқы экипаж мүшелеріне Байқоңыр қалалық әкімшілігінің өкілі Сергей Тихонов, ҚР Аэроғарыш комитеті төрағасының орынбасары Мейірбек Молдабеков, ғарыш айлағы штабының бастығы, генерал-майор Владимир Томчук мырзалар құттықтау жолдап, сәлем берді. Бұдан кейін Ресейлік ғарышкер Сергей Крикалев, АҚШ астронавты Джон Филлипс, Еуропалық астронавт, Италия азаматы Роберто Виттори кіретін негізгі экипаж бен қосалқы құрамаға кіретін Ресейлік Михаил Тюрин мен АҚШ азаматы Даниэль Тани Ресей, АҚШ, Италия және Қазақстан туын желбіретті. Бұл шара арқылы тартатын экипаждардың ұшу алдындағы ақырғы дайындық жұмыстары ресми түрде басталды.
Ту көтеру рәсімінен кейін «Союз-ТМА-6» ғарыш кемесінің экипаж командирі Сергей Крикалевтің журналистерге хабарлауынша, экспедицияның басты мақсаттарының бірі — Халықаралық ғарыш станциясын мамыр айының орта шенінде «Шатл Дискавери» ғарыштық челногын қабылдауға әзірлеу болмақ. Ғарышкер айлақ мамандарын ғарыш зерттеу саласына қосқан өлшеусіз үлесі үшін ризашылық білдіре отырып, Байқоңырдың алдағы 50 жылдық мерейтойымен құттықтады.
Ғарышкерлерді ұшуға дайындау жұмыстары 9-сәуірде басталды. 10-сәуірде ғарышкерлер «Союз-ТМА-6» ғарыш кемесінде жаттығулар жүргізу үшін 254-ші алаңның монтаж-сынақ корпусына бет алды. Жаттығулар барысында экипаждар ұшып-қону кезінде қолданылатын ложементтер атты дербес анатомиялық орындықтарды дайындау үшін ғарышкерлердің дене-бітімінің гипстен жасалған құймасын әзірлеу процессінен өтіп, ложементтерді өлшеп, байланыс жүйелері мен жабдықтардың орналастырылу жағдайын тексеріп көрді.
Ғарышкерлердің ғарыш кемесіне қоятын ешбір кінараты жоқ , дейді экипаж командирі.
Ұшу алдындағы дайындық жұмыстарының жоспарына сәйкес, 12-сәуірде зымыран-тасығыш «Союз-ТМА-6» ғарыш кемесімен түйіседі. 13-сәуірде зымыран тасығыш пен ғарыш кемесі ақырғы дайындық шараларын жүргізу үшін №1 алаңға шығарылады. 14-сәуірде мемлекеттік комиссияның отырысы өтіп, ол экспедицияның экипажы құрамын бекітеді.
«Союз-ТМА-6» ғарыш кемесін алып ұшатын «Союз-ФГ» зымыран тасығышы 15-сәуірде Астана уақыты бойынша 6 сағат 46 минутта ұшырылады.