Екі мемлекет басшысы Байқоңырға 2-маусымда келеді деп күтілуде. Қысқа мерзімді сапар барысында Н.Назарбаев пен В.Путин ғарыш айлағы нысандарымен танысып, қала тұрғындарымен жүздеседі.
Байқоңырдағы салтанатты шараларға Ресей, Украина, Беларусь, Қазақстан және басқа да елдерден 1000-ға жуық ардагерлер мен құрметті қонақтар келмекші.
Салтанатты шаралар жуырда ғана бой көтерген Жеңімпаз Георгий әулиенің атындағы православиелік шіркеуді ашу рәсімімен 1-маусымда басталады. Сол күні қалалық мәдениет сарайында ардагерлерге салтанатты қонақасы беріліп, бес үміткерге «Байқоңыр қаласының құрметті азаматы» атағын беру рәсімі өтеді.
Салтанатты шаралардың негізгі бөлігі 2-маусымға межеленген. Қаланың орталық алаңында бұл күні Байқоңыр гарнизоны әскерлерінің парады өтіп, ардагерлер конструктор М.Рязанскийге арналған ескерткіш пен саябақтың ашылуына, темір жолшылардың «Городская» бекетінде ескерткіш паровозды орнату рәсіміне, әлеуметтік қызмет орталығының ашылуына атсалысады.
3-маусымда «Десятилетие» атты стадионда қорытынды шаралар өтеді. Бағдарламаға сәйкес ғарыш айлағы кешеніндегі кәсіпорындар, мекемелер мен ұйымдардың қызметкерлері мен ардагерлердің мерекелік шеруі өтуге тиіс. Кешкісін Қазақстан және Ресейлік эстрада жұлдыздарының қатысуымен ауқымды мерекелік концерт қойылады.
Мерейтойлық шараларға байланысты жергілікті әкімшілік 2 және 3-маусымды демалыс күндері деп жариялады.
Ұйымдастыру комитетінің хабарлауынша, Байқоңырдағы бұл жолғы мерекелік шаралар ауқым-аясына қарай ғарыш айлағында бұған дейінгі барлық шаралардан асып түспек. Қаладағы барлық маңызды нысандарда күрделі жөндеу жасалып, тұрғын үйлердің оң беті өңделіп, кейбір ғимараттар толыққанды жаңғыртылды.