«Қазақстан Республикасындағы банктер мен банк қызметі туралы» заңның 70-бабына сәйкес банкті мәжбүрлі тарату туралы шешімді сот шығарады. «Осыған байланысты ҚР қаржы нарығы мен қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау Агенттігі 10 күн ішінде сотқа «Қазақстан Наурыз банкі» АҚ -ның іс-қызметі мәжбүрлі тоқтатылғаны туралы мәлімдемені заң тәртіптеріне сәйкес жолдайды»,- делінген агенттіктің хабарламасында.
Агенттік тарапынан «Қазақстан Наурыз банкі» АҚ -ын таратушы комиссия құрылғанға дейін банктің жұмысын уақытша әкімшілік жүргізеді.
Жеке тұлғалардың ұлттық және шетел валютасындағы салымдары бойынша Наурыз банктің міндеттемелері 1 920 млн. теңгені құрайды.
«Қазақстан Наурыз банкі» АҚ жеке тұлғалардың салымдарын кепілді сақтандыру жүйесіне қатысушы банк. Салымдарды міндетті кепілдендіру обьектісіне саналатын банк міндеттемелері 1 377 млн. теңгені құрайды.
Ұлттық банк басқармаларының 2003-жылғы 4-шілде күнгі № 200 қаулысы бойынша бекітілген жеке тұлғалардың екінші деңгейлі банктердегі салымдарын міндетті ұжымдық кепілдендіру ережесіне сәйкес, қор салымшыға салымның кепілдендірілген көлемінде өтемақысын өсімсіз қайтарады. Бірақ бұл көлем 400 мың теңгелік эквиваленттен артпауға тиіс.
Банкті мәжбүрлі тарату туралы сотттың шешімі күшіне енген күннен бастап қор жеті күн ішінде республикалық екі газетте банктің таратылғаны туралы және салымдар бойынша өтемақы қайтарыла бастайтын мерзімі туралы ақпаратты қазақ және орыс тілдерінде жария етеді. Онда салымдар бойынша өтемақыны қайтарушы банк-агенттің аты-жөні, төлем жүзеге асырылатын мерзімі мен орны көрсетіледі. Салымшы мұндай ақпаратты тікелей қордың өзінен алуға құқылы.