«Сот азаматтардың құқығымен бостандығын қорғауды күшейтіп, қоғамға құқықтық кеңістік шеңберінде дамуға мүмкіндік беруге тиіс. Соттың қорғауында болу кепілдіктері туралы Конституциялық қағиданы жүзеге асыру — мемлекет тарапынан соттардың жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасаумен тығыз байланысты»,- деді Н.Назарбаев.
Елбасы кейінгі кездері соттарды материалдық-техникалық тұрғыда қамтамасыз етуге бөлінетін бюджет қаржысының көлемі сатылы түрде өсе түскенін еске салды. «Егер 2002-жылы бюджеттен бұл мақсатқа 4,8 млрд. теңге бөлінсе, биыл 8 млрд. теңге қарастырылған»,- деді ол. Елбасының айтуынша, 2001-жылдан бері ҚР Жоғарғы соты, 8 облыстық және 231 аудандық сот жаңа ғимаратқа көшсе, соттардың қарамағындағы 48 ғимаратқа күрделі жөндеу жасалды. «Соттардың негізгі материалдық-техникалық құралдармен қамтамасыз етілу деңгейі 2001-жылғымен салыстырғанда екі есе өсті, бүгінде әрбір судья қажетті компьютерлік техникамен қамтамасыз етілген»,- деді мемлекет басшысы. «Түрлі қиындықтарға қарамастан, ақшаны жұмсайтын басқа тауқыметтердің шаш-етектен болғанына қарамастан, біз бұл істерді арықарайғы реформалардың маңызды факторы деп санадық»,- деді Н.Назарбаев.
«Сот жүйесі қалыпты және әділетті жұмыс істемейінше, экономикалық және саяси реформалар тоқырауға ұшырайтыны сөзсіз»,- деп қорытты өз сөзін Елбасы.
Н.Назарбаев осы орайда «соңғы төрт жыл бойына соттар жіберген қателіктер санының азаю ағымы мен істерді соттарда қарау мерзімін бұзу оқиғаларының азаю» ағымы сақталып отыр деп мәлімдеді. «Аудандық соттардың әділеттілікті жүзеге асыру сапасы артты. Ал түрлі істерді қарау ауыртпалығының басым бөлігі солардың мойнынанда екені белгілі»,- деді ол. Президентің пікірінше, ең бастысы, «соңғы кезде еліміз азаматтары өз проблемаларын соттардың көмегімен шешуге ден қойды. Демек, бір жағынан псиохологиялық тосқауылдар жойыла бастаса, екінші жағынан соттарға деген сенім арта түсуде». Тек 2004-жылы республикамыздағы соттарға 1 млн. істер мен шағымдар түсті. Бұл — 2000-жылғымен салыстырғанда екі есе артық, деді президент.
«Дейтұрғанмен, сот әділдігі саласындағы барлық тауқымет түбегейлі шешілді деуге келмейді»,- деді Н.Назарбаев. «Соттардың түрлі дау-дамайларға заң негізінде төрелік айту қабілетіне деген қоғам тарапынан белең алған сенімсіздік түрлі қоғамдық күштерді соттарға заңсыз қысым көрсету тәсілдерін іздеуге немесе дау-дамайды сот қабырғасынан тысқары шешу жолдарына итермелеп отыр». «Аталған екі құбылыс та қоғамның дамуына нұқсан келтіреді»,- деді президент.