Үкімет басшысы Даниал Ахметовтың пікірінше, бүгінгі таңда бұл мәселелер бойынша Қазақстанның заңнамалық базасы «аса әлсіз». Осыған байланысты ол заңнамаларды халықаралық стандарттарға сәйкестендіру қажеттігін ескертті.
ҚР еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Гүлжан Қарағұсова еңбек заңнамасына енгізілетін өзгерістерге қатысты мәселелерді қарау барысында өзі басқаратын министрлік ҚР әділет министрлігімен бірлесіп ҚР әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі кодекске өзгерістер енгізу мүмкіндігін қарастырып жатқанын жеткізді. Өзгерістерге сәйкес еңбек қорғау және еңбек қауіпсіздігі салалары бойынша еңбек туралы заңға бағынбағаны үшін кәсіпорын басшылары мен лауазым иелеріне салынатын айыппұл мөлшерін көбейту көзделіп отыр. «Қазіргі айыппұлдар мөлшері лауазым иелеріне айтарлықтай материалдық әсер ете алмай отыр. Өйткені, жалақыны дер кезінде төлемегені үшін жүктелетін ең жоғарғы айыппұл мөлшері 40 АЕК-тен, ең жоғарғы жазалық айыппұл мөлшері 25 АЕК-тен аспайды»,- деді Г.Қарағұсова. «Демек, айыппұлды төлеп қана, заң бұзып отыра беру әлдеқайда жеңіл»,- деді министр.
ҚР ІІМ Зауытбек Тұрысбеков өзі басқаратын мекеме көші-қон процестерін реттеу мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге енгізілетін түзетулерді жобалап, үкіметке ұсынғанын хабарлады. Бұл заң жобасында бұған дейін елімізден қуып шығарылған шетелдіктерге 5 жылға дейін Қазақстанға келуге тыйым салу, Қазақстанға уақытша келген шетелдік азаматтарға жеке кәсіпкерлікпен немесе шағын бизнеспен шұғылдануға тыйым салу, елімізге келу мақсатына байланысты шетелдіктердің елде болу мерзімін шектеу, шетелдіктер құрған кәсіпорындарда еңбек етушілердің 70 проценттен астамын Қазақстан азаматтары иемденуі тиіс екені қарастырылған.
ҚР бас прокурорының орынбасары Асхат Дауылбаевтың пайымдауынша, «бүгінгі таңда еліміздегі жұмыс күші тапшылығының орнын толықтыру үшін ТМД елдерінің мамандарын тиімді пайдалану мәселесін заңдық тұрғыда реттеу қажеттігі туындады». «Осындай мамандарды отандық кәсіби мамандар тапшылығы айрықша сезіліп отырған салаларда пайдалану үшін квота қарастыруға болар еді»,- дейді А.Дауылбаев. Оның айтуынша, осының арқасында заңсыз еңбек миграциясын жариялы болдырып, көші-қон процессін бақылауға мүмкіндік бар.
Ал ҚР бас прокуратурасы қазақстандық мамандардың кәсіби шеберлігін шыңдау, оларды оқыту және қайта оқытуға бағытталған арнаулы мемлекеттік бағдарламаның жобасын жасауды ұсынады. Соның нәтижесінде шетелдік мамандарға деген сұранысты анағұрлым азайтуға болады, дейді А.Дауылбаев.
ҚР еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметтері бойынша, 2004 -жылы және 2005-жылдың алғашқы жартысында мемлекеттік инспекторлар шетелдіктердің қатысуымен құрылған 722 ұйымға тексеру жүргізіп, соның барысында 8,5 мың заң бұзу оқиғаларын әшкереледі.
Ал ҚР ІІМ-нің мәліметіне сүйенсек, жылдың алғашқы жартысында құқық қорғау органдары өндірістердегі қайғылы оқиғаларға қатысты 348 дерек бойынша тексерулер жүргізді. Соған сәйкес 116 қылмыстық іс қозғалып, олардың 22-сі соттарға жолданды.