Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы primeminister.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Өңірлік экологиялық саммит аясында Қазақстан мен Ресей Үкіметаралық комиссиясының тең төрағалары – Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мен Ресей Федерациясы Үкіметі төрағасының орынбасары Алексей Оверчук екіжақты кездесуі өткізді.
Серік Жұманғарин Ресей Қазақстанның негізгі стратегиялық және сауда-экономикалық әріптесінің бірі екенін атап өтті.
Өткен жылғы қорытынды бойынша өзара сауда көлемі $27,4 млрд-қа жетті. Инвестициялық ынтымақтастықтың оң серпіні сақталуда: соңғы 20 жылда ресейлік инвесторлар Қазақстан экономикасына $28,5 млрд тікелей инвестиция құйған. Осы кезеңде Ресейге $9 млрд қазақстандық инвестиция салынды.
Қазақстанда Ресейдің қатысуымен 22 мыңнан астам компания жұмыс істейді. Бұл шетелдік капиталы бар кәсіпорындардың жалпы санының 35%-ынан астам.
Кездесу барысында кең ауқымды екіжақты өзара іс-қимыл мәселесі қаралды. «Солтүстік – Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізінің шығыс бағытын дамытуды және басқа да мәселелерді қосқанда, көлік саласына басты назар аударылды.
Ертіс өзенінің су шаруашылығы мен су-энергетикалық пайдаланылуының негізгі жоспарын дайындау барысы да ғылыми-зерттеу жұмысы форматында талқыланды. Қазіргі уақытта екі елдің салалық ведомстволарына техникалық көмек көрсету туралы шарт жобасы пысықталуда.
Ауыл шаруашылығы саласында қазақстандық тарап қолданыстағы шектеулерді алып тастау мәселесін көтерді. Бұл жерде әңгіме қазақстандық астық пен бұршақ дақылын Ресей Федерациясының теңіз порттары арқылы жинақтап, транзиттеу туралы, сондай-ақ үшінші елдерден шыққан зығыр, жасымық, күнбағыс тұқымдарын, кесілген гүлдер мен бүршіктерді себу үшін әкелу туралы болып отыр.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы атап өткендей, бұл мәселе 2024 жылдан бері күн тәртібінде тұр. Осы уақыт ішінде бірқатар позициядағы шектеу алынып тасталды. Оның ішінде қызанақ, бұрыш және жекелеген аймақтардан бидай жеткізу бар. Бұл ретте сөз болып отырған өнім санаттары бойынша шектеу сақталуда.
Ол өткен жылдан бастап осы өнімді жеткізу кезінде санитарлық және карантиндік талаптың бұзылуы тіркелмегенін, осыған байланысты қазақстандық тарап қалған шектеулерді алып тастау мүмкіндігін қарастыруды ұсынып отырғанын атап өтті.
Кездесу қорытындысында тараптар сындарлы шешім әзірлеу үшін айтылған барлық мәселені одан әрі пысықтауға дайын екендіктерін растады.




#АӨК#Инвестициялар#Көлік#Серік Жұманғарин#Халықаралық ынтымақтастық#Экономика