«Конституциялық кеңес «Қазақстан Республикасы аумағында жұмыс істейтін халықаралық және коммерциялық емес ұйым филиалдары мен өкілдіктерінің іс-қызметі туралы» және «Коммерциялық емес ұйымдардың іс-қызметіне қатысты кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу» жөніндегі заңдар Конституцияға сәйкеспейді деген қаулы қабылдады»,- деді кеңес төрағасы Игорь Рогов. «Заңдарға қол қоюға және оны күшіне енгізуге болмайды»,- деді ол.
Конституциялық кеңестің қаулысы қабылданған сәттен бастап күшіне енеді және ол Қазақстан аумағында жаппай міндетті түрде орындалуға тиіс. Кеңес шешіміне қарсы шағымдану мүмкін емес.
«Талдау көрсеткендей, «Қазақстан Республикасы аумағында жұмыс істейтін халықаралық және коммерциялық емес ұйым филиалдары мен өкілдіктерінің іс-қызметі туралы» заңның кейбір нормалары Конституцияның жекелеген ережелерімен үйлеспейді»,- деді И.Рогов.
Атап айтсақ, аталмыш заңның 2-бабы, 3-тармағына сәйкес, «халықаралық және шетелдік коммерциялық емес ұйымдарға мынадай тұлғалар құрылтайшы бола алады: Қазақстан Респуликасы тікелей немесе өзінің уәкілетті органдары арқылы, шетелдік мемлекеттер тікелей немесе өзінің уәкілетті органдары арқылы, Қазақстан азаматтары, шетелдіктер, шетелдік заңды тұлғалар, азаматтығы жоқ тұлғалар мен халықаралық ұйымдар Қазақстанның немесе шетелдік мемлекеттің заңнамасында, яки Қазақстан бекіткен халықаралық келісімдердің ережелерінде басқаша шарттар қарастырылмаған жағдайда құрылтайшы бола алады деп көрсетілген». Ал «Қазақстан Республикасы аумағында жұмыс істейтін халықаралық және коммерциялық емес ұйым филиалдары мен өкілдіктерінің іс-қызметі туралы» заңның 9-бабы, 1-тармағында халықаралық және шетелдік коммерциялық емес ұйымдардың мүлкі аталмыш заңда және Қазақстан Республикасының басқа да заңнамалық актілерінде, сондай-ақ, аталмыш ұйым аумағында құрылған мемлекеттің заңнамасында тыйым салынбаған кез-келген түсімдерден құралады деп көрсетілген.
Алайда, И.Роговтың айтуынша, «Құқықтық-нормативтік актілер туралы» заңға сәйкес «заңнама» деген ұғымға жалпы құқықтық-нормативтік актілер жаппай, соның ішінде заңға бағынышты актілер де енеді». «Соған сәйкес қаралып отырған заңның 2-бабы, 3-тармағы жеке және заңды тұлғалардың пікір еркіндігі мен құқықтық қабілеттілігін заңмен ғана емес, сонымен бірге заңдық күші төмен құқықтық-нормативтік актілермен де шектеуге мүмкіндік береді»,- деді ол. «Бұл — Конституцияның 39-бабы, 1-тармағының талаптарына қайшы келеді»,- деді И.Рогов.
«Қазақстан Республикасы аумағында жұмыс істейтін халықаралық және коммерциялық емес ұйым филиалдары мен өкілдіктерінің іс-қызметі туралы» заңның 9-бабы, 1-тармағында айтылғандай, «заңды және жеке тұлғалардың құқықтық қабілетін айқындауға байланысты, сондай-ақ, Қазақстан аумағында құрылатын заңды тұлғалардың мүлкін құрастыру тәртіптерін айқындауға байланысты құқықтық қатынастарды реттеу үшін ұлттық заңнаманы да, шетелдік заңнаманы да қолдануға жол берілген». «Ал ҚР Ата заңының 4-бабы, 1-тармағында шетелдік заңнама нормалары республиканың қолданыстағы құқығы аясына қамтылмаған»,- деді кеңес төрағасы.
«Сөйтіп, Конституциялық кеңестің пайымдауынша, «Қазақстан Республикасы аумағында жұмыс істейтін халықаралық және коммерциялық емес ұйым филиалдары мен өкілдіктерінің іс-қызметі туралы» заңның 9-бабының 1-тармағы мен 2-бабының 3-тармағы ҚР Ата заңының 61-бабының 3-тармағы, 4-бабының 1-тармағы, 39-бабының 1-тармақтарына сәйкеспейді»,- деді И.Рогов.
Сонымен бірге «Қазақстан Республикасы аумағында жұмыс істейтін халықаралық және коммерциялық емес ұйым филиалдары мен өкілдіктерінің іс-қызметі туралы» заңмен байланысы бар «Коммерциялық емес ұйымдардың іс-қызметіне қатысты кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу» жөніндегі заң қолданыстағы заңнамаларға «шетелдіктердің қатысуымен құрылған коммерциялық емес ұйымдардың іс-қызметін құқықтық реттеудіңжаңаша тәртіптерінен келіп туындайтын» түзетулерді енгізеді, деді И.Рогов.
Бұған дейін де хабарлағанымыздай, президенттің қол қоюына жолданған аталмыш заңдардың ҚР Ата заңына сәйкестігін қарауды Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Конституциялық кеңестен сұраған болатын. Шетелдік және халықаралық бейресми коммерциялық ұйымдардың Қазақстан аумағындағы іс-қызметіне мемлекет тарапынан қойылатын бақылауды күшейту қарастырылған бұл құжаттарды қабылдауға бейресми ұйымдар қарсылық білдіруде.