Еуразиялық топтың миссиясы ақшаны ақтап алумен және лаңкестікті қаржыландыруға қарсы күрес саласы бойынша техникалық көмекке деген Қазақстанның сұранысын бағалау үшін Астанаға келген.
М.Уайысов бұл кездесуде сұхбаттасына «арам ақшаны» заңдастырумен күресті күшейту тұрғысында Қазақстан тарапынан қолданылып жатқан шаралардан хабардар етті. Атап айтсақ, мемлекет басшысының тапсырмасымен республиканың бас прокуратурасы жобасын жасаған «Заңсыз жолмен тапқан кірісті заңдастыруға және лаңкестікті қаржыландыруға қарсы күрес жөніндегі» заң жобасы төңірегінде сөз қозғалды. Бұл заңның жобасы мәжілістің қарауына ұсынылғаны мәлім. Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, заң жобасында күмәнді ақша операцияларына мониторинг жүргізуші арнаулы мекеме құру қарастырылған.
С.Смоляр Еуразиялық топ тарапынан Қазақстанға ақшаны ақтап алумен күреске бағытталған ақпараттық-талдау жүйесін құру ісіне техникалық және консультациялық тұрғыда қолдау көрсетуге және Росфинмониторингтің көмегімен қазақстандық қаржылық талдаушылар үшін оқыту мақсатындағы семинарлар сериясын ұйымдастыруға әзірлік танытты.
Осы жолғы сапар барысында Қылмыстық жолмен тапқан кірісті заңдастыруға және лаңкестікті қаржыландыруға қарсы күрес жөніндегі Еуразиялық топ өкілдері сонымен қатар президент әкімшілігі, үкімет басшысының кеңсесі, Жоғарғы сот, Ұлттық банк, ҚР қаржы нарығы мен қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау Агенттігі, Қаржы министрлігі, экономика және бюджетті жоспарлау министрлігі, әділет министрлігі мен құқық қорғау мекемелерінің өкілдерімен келіссөздер жүргізеді.