Заң жобасын талқылау барысында депутаттар бюджеттің кіріс және шығыс бөліктерін арттыруға қатысты бірқатар ұсыныстар енгізді. Атап айтсақ, мәжілістің қаржы және бюджет жөніндегі комитеті әлемдің нарықтағы мұнай бағасының бір баррелі 47-ден 50 долларға қымбаттайды деген болжамға байланысты бюджеттің кіріс бөлігін 27 млрд. теңгеге арттыруды ұсынды. Комитеттің қорытындысында атап көрсетілгеніндей, АҚШ-тың энергетика министрлігі, Халықаралық валюта қоры мен Әлемдік банк 2005-2006-жылғы қыс маусымында мұнайдың орташа бағасы 70 доллар, ал 2006-2007-жылғы орташа баға 60-65 доллар болады дегеген болжам айтуда. «Келесі жылы осындай қолайлы конъюнктура қалыптасу мүмкіндігіне байланысты бюджеттің кіріс бөлігінің болжамын төтендетіп көрсету қисынға келмейді. Ол сайып келгенде бюджет қаржысын толық игермеуге және оны мақсатсыз жұмсауға апарып соады»,- делінген қорытындыда.
Сонымен бірге депутаттар бюджеттің кіріс бөлігін тапшылықты Жалпы ішкі өнімнің 1,4 процентінен 1,5 процентке дейін ұлғайту есебінен 8,1 млрд. теңгеге көбейтуді ұсынады.
Мәжілістің кейбір комитеттері бюджеттің шығыс бөлігінде 12,8 млрд. теңге қарастырып, Семей полигонындағы ядролық сынақтардан зардап шеккендерге бір мәрте ақшалай өтем ретінде беруді ұсынады. Сонымен бірге депутаттар «Ауыз су» республикалық бағдарламасын жүзеге асыруға қосымша 3 млрд. теңге бөлуді ұсынады.
Заңнамаға сәйкес, республикалық бюджеттің жобасы мәжіліс пен сенатта жеке-жеке қаралып, қос палатаның бірлескен отырысында екі оқлымда қабылданады. «2006-жылға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасы 7-қарашада алғашқы оқылымда қаралады деп межеленген.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 2006-жылғы республикалық бюджеттің тапшылығы Жалпы ішкі өнімнің 1,4 процентін құрайды немесе 113,8 млрд. теңге болмақ.
Республикалық бюджеттің жалпы түсімі 1 трлн. 469,4 млрд. теңге немесе Жалпы ішкі өнімнің 18,2 процентін құрайды. Ол биылғы жылғы көрсеткіштен 224 млрд. теңгеге немесе 18 процент артық. Бюджет кірісінің негізгі бөлігін салық түсімдері құрайды. 2005-жылғымен салыстырғанда салық көлемі 189,8 млрд. теңгеге артып, 1 трлн. 280,4 млрд. теңгені құрауға тиіс. Салық емес түсімдер 37,7 млрд. теңге көлемінде болжануда.
2006-жылғы республикалық бюджеттің шығындары 1 трлн. 583,2 млрд. теңге немесе Жалпы ішкі өнімнің 19,6 процентін құрамақ.
ҚР экономика және бюджетті жоспарлау министрлігінің болжамына сәйкес, 2006-жылы Жалпы ішкі өнімнің нақты өсімі 8,3 процентті құрап, 8 трлн. 65 млрд. теңгеге жетеді. Тұтыным бағаларының индексі 2006-жылы 5-7 процент аралығында болмақ. Теңгенің жылдық орташа айырбас бағамы бір долларға шаққанда 127 теңгені құрайды деп күтілуде.