Үкімет 2006-жылғы республикалық бюджетте әлеуметтік жобаларға қаржы бөлу туралы депутаттардың ұсынысын қабылдауға дайын - kaz.caravan.kz
  • $ 517.66
  • 606.49
-2 °C
Алматы
2025 Жыл
21 Желтоқсан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Үкімет 2006-жылғы республикалық бюджетте әлеуметтік жобаларға қаржы бөлу туралы  депутаттардың ұсынысын қабылдауға дайын

Үкімет 2006-жылғы республикалық бюджетте әлеуметтік жобаларға қаржы бөлу туралы депутаттардың ұсынысын қабылдауға дайын

Үкімет 2006-жылғы республикалық бюджетте әлеуметтік жобаларға қаржы бөлу туралы депутаттардың ұсынысын қабылдауға дайын. Бұл туралы бүгін, 22-қазанда ҚР экономика және бюджетті жоспарлау министрі Қайрат Келімбетов сенаттың экономика, қаржы және бюджет жөніндегі комитетінің отырысы барысында мәлімдеді,- деп хабарлайды KZ-today тілшісі.

  • 22 Қазан 2005
  • 418
Фото - Caravan.kz

«Жалпы алғанда біз «Ауыз су» бағдарламасын жүзеге асыруға қосымша 3 млрд. теңге бөлу туралы депутаттардың ұсынысын қолдаймыз»,- деді Қ.Келімбетов.

Оның айтуынша, «білім беру және денсаулық сақтау нысандарына қосымша қаржы бөлу мәселесі де баса назар аударуды талап етеді. Біз келісім комиссиясына кейбір ұсыныстар жасауды жөн көріп отырмыз»,- деді министр.
Сонымен бірге үкімет «мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы бойынша жергілікті атқарушы билік органдарына мақсатты трансферт түрінде инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымға белгілі көлемде қаржы арнау мүмкіндіктерін қарастырып жатыр».
«Мемлекеттік тілді дамыту мен оны оқытуға қаржы бөлу жөніндегі ұсыныспен келіспеу мүмкін емес. Біз мәдениет және білім министрліктері жасаған бағдарламалар аясында 500 млн. теңге бөлуді көздеп отырмыз»,- деді экономика министрі.
Дегенмен, Қ.Келімбетов үкіметтің негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерді өзгертпейтінін атап өтті. Атап айтсақ, үкімет бюджет тапшылығын өзгертуге қарсы. «Біздің пайымдауымызша, мемлекеттің берешегін жалпы азайтқан жөн. Бұл ретте тек республикалық бюджетті ғана емес, жалпы елдің фискалдық балансын тұтастай қарау қажет»,- деді ол.
Заңнамаға сәйкес, республикалық бюджеттің жобасы мәжіліс пен сенатта жеке-жеке қаралып, қос палатаның бірлескен отырысында екі оқлымда қабылданады. «2006-жылға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасы 7-қарашада алғашқы оқылымда қаралады деп межеленген.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 2006-жылғы республикалық бюджеттің тапшылығы Жалпы ішкі өнімнің 1,4 процентін құрайды немесе 113,8 млрд. теңге болмақ.
Республикалық бюджеттің жалпы түсімі 1 трлн. 469,4 млрд. теңге немесе Жалпы ішкі өнімнің 18,2 процентін құрайды. Ол биылғы жылғы көрсеткіштен 224 млрд. теңгеге немесе 18 процент артық. Бюджет кірісінің негізгі бөлігін салық түсімдері құрайды. 2005-жылғымен салыстырғанда салық көлемі 189,8 млрд. теңгеге артып, 1 трлн. 280,4 млрд. теңгені құрауға тиіс. Салық емес түсімдер 37,7 млрд. теңге көлемінде болжануда.
2006-жылғы республикалық бюджеттің шығындары 1 трлн. 583,2 млрд. теңге немесе Жалпы ішкі өнімнің 19,6 процентін құрамақ.
ҚР экономика және бюджетті жоспарлау министрлігінің болжамына сәйкес, 2006-жылы Жалпы ішкі өнімнің нақты өсімі 8,3 процентті құрап, 8 трлн. 65 млрд. теңгеге жетеді. Тұтыным бағаларының индексі 2006-жылы 5-7 процент аралығында болмақ. Теңгенің жылдық орташа айырбас бағамы бір долларға шаққанда 127 теңгені құрайды деп күтілуде.

Перейти к новостям спорта