25-қазанда Әзербайжан Республикасының бас прокуратурасы, ұлттық қауіпсіздік министрлігі мен ішкі істер министрлігі таратқан бірлескен мәлімдемеде атап көрсетілгеніндей, аталмыш адамдар Әзербайжан парламентінің бұрынғы спикері, қазір эмиграцияда Әзербайжан Демократиялық партиясын басқаратын Расул Гулиев, бұрынғы денсаулық сақтау министрі Әли Инсанов, бұрынғы экономикалық даму министрі Фархад Әлиев, бұрынғы қаржы министрі Фикрет Юсифовпен және басқа да адамдармен ауыз жаласу арқылы билікті басып алуға әрекеттенген.
«Әзербайжан астанасындағы түрлі пәтерлер мен саяжайларда, сондай-ақ, «Флагман» мейрамханасында болған құпия кездесулерде бұлар билікті зорлықпен басып алу және түрлі арандатқыш топтау құру туралы мәмілеге келген. Бұл топтар ел ішінде жаппай тәртіпсіздіктер орнатуға түрткі болып, әрекетті қаржыландыруға тиіс болған»,- делінген құқық қорғау мекемелерінің мәлімдемесінде.
Тергеу барысында анықталғанындай, «Әзерхимия» мемлекеттік компаниясының бұрынғы басшысы Фикрет Садыхов аталмыш мақсатқа тұрақты ақша бөліп отырған. 2005-жылдың 16-қазанында ол экс-министр Фикрет Юсифовқа 10 мың АҚШ долларын берген. Жалпы алғанда 2001-жылдан бері «Әзерхимия» мемлнекеттік компаниясының басшысы Ф.Юсифовқа 30 мың АҚШ долларын аударып берген.
Ал аталмыш қылмыстық іс бойынша тергелушілер, күдікті ретінде жауап берушілер мен куәгерлер Әзербайжан президенті әкімшілігінің бұрынғы іс басқарушысы Акиф Мурадвердиевті мемлекеттік төңкеріс әрекетін тікелей ұйымдастырушылардың бірі екенін айтқан. Сөйтіп ол 24-қазанда айыпкер ретінде тергеуге шақырылды. А.Мурадвердиевтің саяжайындағы тінту барысында 32 700 АҚШ доллары, 14 мың евро, 9100 британия фунт стерлингі мен басқа да шетелдік валюталар, сондай-ақ, түрлі номиналы бар 209 алтын тиын, 40 алтын сағат пен басқа да әшекейлік бұйымдар табылып, айғақзат ретінде тәркіленді.
Акиф Мурадвердиев, Фикрет Садыхов, бұрынғы денсаулық сақтау министрі Әли Инсанов пен бұрынғы экономикалық даму министрі Фархад Әлиев қазір күдіктілер ретінде қамауда отыр.
i>Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті