Сенат 2006-жылға арналған республикалық бюджеттің жобасын қарады - kaz.caravan.kz
  • $ 517.66
  • 606.49
-7 °C
Алматы
2025 Жыл
22 Желтоқсан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Сенат 2006-жылға арналған республикалық бюджеттің жобасын қарады

Сенат 2006-жылға арналған республикалық бюджеттің жобасын қарады

Бүгін, 3- қарашада өткен сенаттың жалпы отырысында депутаттар "2006-жылға арналған республикалық бюджет туралы" заң жобасын қарады,- деп хабарлайды KZ-today тілшісі.

  • 3 Қараша 2005
  • 461
Фото - Caravan.kz

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 2006-жылғы республикалық бюджеттің тапшылығы Жалпы ішкі өнімнің 1,4 процентін құрайды немесе 113,8 млрд. теңге болмақ.

Республикалық бюджеттің жалпы түсімі 1 трлн. 469,4 млрд. теңге немесе Жалпы ішкі өнімнің 18,2 процентін құрайды. Ол биылғы жылғы көрсеткіштен 224 млрд. теңгеге немесе 18 процент артық. Бюджет кірісінің негізгі бөлігін салық түсімдері құрайды. 2005-жылғымен салыстырғанда салық көлемі 189,8 млрд. теңгеге артып, 1 трлн. 280,4 млрд. теңгені құрауға тиіс. Салық емес түсімдер 37,7 млрд. теңге көлемінде болжануда.
2006-жылғы республикалық бюджеттің шығындары 1 трлн. 583,2 млрд. теңге немесе Жалпы ішкі өнімнің 19,6 процентін құрамақ.
Бұдан бұрын мәжілістің жалпы отырысында депутаттар бюджеттің кіріс және шығыс бөліктерін арттыруға қатысты бірқатар ұсыныстар енгізді. Атап айтсақ, мәжілістің қаржы және бюджет жөніндегі комитеті әлемдің нарықтағы мұнай бағасының бір баррелі 47-ден 50 долларға қымбаттайды деген болжамға байланысты бюджеттің кіріс бөлігін 27 млрд. теңгеге арттыруды ұсынды. Комитеттің қорытындысында атап көрсетілгеніндей, АҚШ-тың энергетика министрлігі, Халықаралық валюта қоры мен Әлемдік банк 2005-2006-жылғы қыс маусымында мұнайдың орташа бағасы 70 доллар, ал 2006-2007-жылғы орташа баға 60-65 доллар болады деген болжам айтуда. «Келесі жылы осындай қолайлы конъюнктура қалыптасу мүмкіндігіне байланысты бюджеттің кіріс бөлігінің болжамын төтендетіп көрсету қисынға келмейді. Ол сайып келгенде бюджет қаржысын толық игермеуге және оны мақсатсыз жұмсауға апарып соғады»,- делінген қорытындыда.
Мәжілістің кейбір комитеттері бюджеттің шығыс бөлігінде 12,8 млрд. теңге қарастырып, Семей полигонындағы ядролық сынақтардан зардап шеккендерге бір мәрте ақшалай өтем ретінде беруді ұсынады. Сонымен бірге депутаттар «Ауыз су» республикалық бағдарламасын жүзеге асыруға қосымша 3 млрд. теңге бөлуді ұсынды.
Бүгін сенаторлар бюджеттің шығыс бөлігін ұлғайтуға қатысты өз ұсыныстарын енгізді. Экономика, қаржы және бюджет жөніндегі комитет төрағасы Мүсірәлі Өтебаевтың айтуынша, жалпы алғанда шығыстарды 130,2 млрд. теңгеге арттыру ұсынылған.
Ендігі жерде бюджет жобасы палаталардың бірлескен отырысында қаралуға тиіс. «2006-жылға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасы 7-қарашада алғашқы оқылымда қаралады деп межеленген.

Перейти к новостям спорта