Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 2004-жылдың қараша айында Павлодар облысы мен аудандарының 180 тұрғыны, оның ішінде 55 бала сапасыз тәтті нан өнімдерін тұтыну салдарынан уланып, ауруханаға жатқызылды. Олардың басым бөлігіне «сальмонеллез» деген диагноз қойылды. Тәтті нан өнімдері Павлодар қаласында жеке кәсіпкерлікпен шұғылданатын әйелдің «Сладкие тайны» деп аталатын кондитерлік цехында жасалған. Сараптама қорытындысы тәтті нан өнімдерін жасауда технология мен тазалық талаптары өрескел бұзылғанын көрсетті.
Кеше, 2-қарашада істі қараған Павлодардағы №1 қалалық сот кәсіпкерді ҚР қылмыстық кодексінің санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды бұзу жөніндегі 267-ші және қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе сату жөніндегі 269-шы баптары бойынша үш жылға шарты түрде бас бостандығынан айыру жазасын жүктеді. Сонымен бірге әйел үш жыл бойы кәсіпкерлікпен шұғылдану құқығынан айрылды.
Айыпкер өз кінәсін толық мойындады. «Сладкие тайны» кондитерлік цехы жабылды.