Елбасы үкіметке жер сілкінісінің алдын алу жөнінде бағдарлама жасауды тапсырды - kaz.caravan.kz
  • $ 517.66
  • 606.49
-2 °C
Алматы
2025 Жыл
22 Желтоқсан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Елбасы үкіметке жер сілкінісінің алдын алу жөнінде бағдарлама жасауды тапсырды

Елбасы үкіметке жер сілкінісінің алдын алу жөнінде бағдарлама жасауды тапсырды

"Елбасы үкіметке барлық ғылыми-зерттеу институттарын қатыстыра отырып, жер сілкінісінің алдын алу жөнінде бағдарлама жасауды тапсырды". Бұл туралы бүгін, 7-қарашада Қазақстан президентінің кеңесшісі әрі баспасөз хатшысы Мұхтар Құл-Мұхаммед Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Алматыда сейсмология саласындағы жетекші мамандармен кездесуінің қорытындысына түсініктеме беру барысында мәлімдеді,- деп хабарлайды KZ-today тілшісі.

  • 7 Қараша 2005
  • 812
Фото - Caravan.kz



Кеңесшінің айтуынша, мемлекет басшысы кеңес барысында басымдық берілетін төрт бағытты белгіледі. Атап айтсақ, Н.Назарбаев республикалық біртұтас сейсмологиялық бақылаулар жүйесін, оның техникалық дамуы мен бағдарламалық және математикалық қамтамасыздығын түбегейлі жаңалауды тапсырды. Республика көлемінде сейсмологиялық станциялар желісін құру, соның ішінде Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Қарағанды, Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Ақмола облыстарында жаңа станциялар мен жер қыртысындағы қуатты тербелістерді тіркейтін бөлімшелер ашу қажет, деді президент.
М.Құл-Мұхаммедтің айтуынша, президент екінші мақсат ретінде «сейсмология саласындағы іргелі және қолданбалы зерттеулерді одан әрі дамыту мен қуатты жер сілкіністерін болжаудың жаңаша әдіс-тәсілдерін жобалауды» атады. Бұл зерттеулер тиімді болумен бірге барлық кәсіби ғылыми орталықтар мен зертеушілердің мүмкіндіктерін біріктіруге тиіс, деді кеңесте Н.Назарбаев. «Президент әсіресе Жерге ғарыш кеңістігінен қашықтан зонд жүргізу мүмкіндіктерін кеңінен қолдануға баса назар аударды»,- деді кеңесші.
Үшіншіден, жер сілкіністерінің залал-зардабын жою жөніндегі күш-құралдардың дайындығын қамтамасыз ету керек, деп атап өткен Елбасы «ендігі жерде Алматыдағы бірде-бір үй тиісті қорытынды алмайынша салынбайтын болады», деп шегеледі.
«Президент осы бағыттағы халықаралық тәжірибені жете зерттеуге кеңес берді. Ол тек мониторинг жүргізумен шектеліп қалмауды тапсырды»,- деді М.Құл-Мұхаммед.
«Кеңесті қорытқан президент қазіргі таңда Алматы тұрғындары үшін үрейленетін ешбір себеп жоқтығын атап өтті. Сейсмолог мамандардың орта және ұзақ мерзімді болжамдары бойынша Алматы қаласы мен Алматы облысында таяу уақыттарда жер сілкінісі болмайды»,- деді президенттің кеңесшісі.

>Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

Перейти к новостям спорта