Қазақстан президенті Иордания королінің елімізге ресми сапарын екі жақты қарым-қатынас тарихындағы маңызды оқиға деп атады - kaz.caravan.kz
  • $ 517.66
  • 606.49
-2 °C
Алматы
2025 Жыл
22 Желтоқсан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қазақстан президенті Иордания королінің елімізге ресми  сапарын екі жақты қарым-қатынас тарихындағы  маңызды оқиға деп атады

Қазақстан президенті Иордания королінің елімізге ресми сапарын екі жақты қарым-қатынас тарихындағы маңызды оқиға деп атады

Бүгін, 8-қарашада Алматыда Иордания королі Абдалла II бен Хусейн бен Талал бен Абдалла Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен келіссөздер жүргізді,- деп хабарлайды KZ-today тілшісі.

  • 8 Қараша 2005
  • 492
Фото - Caravan.kz



Келіссөздер қорытындысы бойынша өткізілген брифингте Қазақстан президенті Иордания королінің елімізге жасаған тұңғыш ресми сапарын «екі жақты қарым-қатынас тарихындағы маңызды сәт» деп атады. «Екі ел арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнаған, бірақ сауда -саттық пен өзара ынтымақтастық деңгейі әзірге төменгі даму деңгейінде»,- деді президент. Қазақстан мен Иордания арасындағы сауда-саттық көлемі жылына 40 млн. долларды құрайды, деп атап өткен мемлекет басшысы «бұл ауқым екі жақтың мүддесіне де сай келмейді», деді.
Келіссөздерге баға берген президент екі ел арасында мәдени және экономикалық байланыстарды дамыту жөнінде келісім жасалды деп хабарлады. «Екі жақты экономикалық комиссия құрылып, ол екі ел арасында экономиканың қай саласында ынтымақтастық орнату қажеттігін дәйектейтін болады»,- деді Н.Назарбаев.
«Біз жоғары деңгейде дамыған Иорданиядағы медицина саласынан үйрену мүмкіндігі, Қазақстанда фармацевтикалық зауыттар салу, Қазақстан бидайын Иорданияға сату, туризм және басқа да салалардағы ынтымақтастық төңірегінде ой бөлістік»,- деді президент.
«Лаңкестікпен күрес немесе Таяу Шығыстағы бейбітшілік сынды кез-келген халықаралық және аймақтық саясат салаларындағы мәселелер бойынша біздің пікіріміз бір жерден шығады»,- деп атап өткен Н.Назарбаев Иордания короліне Азиядағы өзара сенім және ықпалдастық шаралары жөніндегі кеңес шеңберінде өрбіген процестерге қолдау көрсеткені үшін ризашылық білдірді.
Президент сонымен бірге Иордания тарапынан Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына мүшелікке өтуіне қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Өз кезегінде ІІ Абдалла өзінің елімізге жасаған ресми сапары екі мемлекет арасындағы қарым-қатынас тарихына тың парақ болып қосылатынына сенім білдірді.
Иордания билеушісінің пікірінше, екі халықты етене жақындастыру үшін «екі жақ мәдени және экономикалық байланыстарды дамытуға тиіс». «Болашақта біз бұл бағыттарда айтарлықтай ілгерілеушіліктерге куәгер болатынымызға сенемін»,- деді мейман.
«Иордания аймақтағы тұрақтылық пен бейбітшілікті қамтамасыз ету бағытында Қазақстан көтерген көптеген бастамаларды қолдайды және сіздің ел Иорданияда ұйымдастырылатын бас қосуларға белсене қатысады деп сенеміз»,- деді король.
Абдалла II бен Хусейн бен Талал бен Абдалла Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты Иорданияға ресми сапармен келіп қайтуға шақырды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

Перейти к новостям спорта