«Оқу процессінен алынған 14 оқулықтың алтауы қазақ тілінде, 8-і орыс тілінде білім беретін мектептерге арналған»,- деді Б.Әйтімова. Оның айтуынша, 5-7 сыныптара арналған қазақ тілі оқулықтары, 7-сыныпқа арналған «Алгебра» оқулығы, 5-6 сыныптарға арналған «Технология» оқулықтары жарамсыз деп танылды.
Б.Әйтімова министрлік тарапынан қазақ және орыс тілінде білім беретін мектептерге арналған 1-8 сынып аралығындағы 203 оқулық пен 445 оқу-әдістемелік құралдарға сараптама жасалғанын еске салды.
«Сараптама қорытындысы бойынша 135 оқулықтың мәтіндері мен тапсырмаларына редакторлық түзетулер мен өзгертулер енгізілді. Орыс тілінде білім беретін мектептерге арналған «Қазақ тілі» оқулығы, 7-сыныпқа арналған «Орта ғасырлық әлем тарихы» оқулығы, 5-сыныпқа арналған «Ежелгі дүние тарихы» оқулығы тәрізді көптеген оқулықтарға өзгертулер енгізілді. 48 оқулық қайтадан өңделіп толықтырылды»,- деді министр.
Министрдің пайымдауынша, «оқу құралдарының сапасыз болып шығуы сараптамалық жұмыстардың тиісті деңгейде жүргізілмеуіне тікелей байланысты». «Ағымдағы жылы республикалық бюджетте тұңғыш рет оқу құралдарына сараптама жасау төлемі ретінде 162,4 млн. теңге қарастырылды»,- деді министр.