«Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасының сызығын белгілеу қажеттігі Қазақстан мен Ресей арасында шекара сызығы бұған дейін мүлдем заңдастырылмай келуіне байланысты туындады»,- делінген мәжілістің халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитетінің қорытындысында.
Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасы туралы келісімге екі ел президенті 2005-жылдың 18-қаңтарында Мәскеуде қол қойды.
Заң жобасын депутаттарға таныстырған ҚР СІМ Қасымжомарт Тоқаевтың айтуынша, келіссөздер барысында бұған дейін реттелмей келген екі топ учаске анықталды. Қ.Тоқаевтың айтуынша, «газ конденсаты кеніші орналасқан Имашев учаскесі арқылы өтетін мемлекеттік шекара сызығын айқындау аса қиынға түскен». «1947-жылға дейін бұл учаскенің аумағы толық Ресейге қарасты болғаны белгілі. Алайда 1947-жылы көршілес облыстардың жерге орналастыру қызметінің өкілдері бұл учаскені карталарда Қазақстан аумағы етіп бейнелеген»,- деді Қ.Тоқаев. «Мұндай өзгерістердің себебі белгісіз. Оған қатысты құжаттар сақталмаған»,- деді ол.
«Ұзаққа созылған келіссөздердің нәтижесінде тараптар өзара түсіністікке келіп, бұдан былайғы дау-дамайлар мен тиісті құжаттарға жүгіну нәтиже бермейтінін бағамдады. Өйткені, шекараны не біржола айқындау, не болмаса, ұзақ-сонар пікірталасқа көшу деген екі жол ғана тұрған еді»,- деді министр.
«Қол жеткізілген келісімге сәйкес, мемлекеттік шекара сызығын айқындауда Имашев учаскесі екі елге бірдей екіге бөлініп, кенішті алдағы уақытта екі ел күш біріктіре игеруге уағадаласты. Бұл мәселе енді і екі жақты үкіметаралық комиссияның құзырында»,- деді Қ.Тоқаев.
Сыртқы істер министрі сонымен бірге Огнеупорный ауылына қатысты мәселенің де басы ашылғанын жеткізді. Мәмілеге сәйкес, карьер Қазақстан аумағында қалады, ал ауыл Ресейдің қарамағына өтеді.
Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасының жалпы ұзындығы 7591 шақырымды құрайды.
Заң жобасы сенаттың қарауына ұсынылды.