«Телепікірсайысты ұйымдастырып өткізу — мақсат үдесінен шықты. Республика тұрғындары оны қызыға қабылдап, әрбір үміткердің пікір-ұстанымына көз жеткізді»,- деді О.Жұмабеков.
Комиссия төрағасының пікірінше, «телепікірсайыс дегеніміз үгіт-насихат жұмыстарының ең тиімді, қызғылықты әрі жеңіл түрі. Ол әрбір үміткердің сайлаушының алдына шығу мүмкіндіктерінің бір түріне жатады».
О.Жұмабеков сонымен бірге телепікірсайыстар мерзімінің жоспарланған бір жарым сағаттың орнына 1 сағатқа ғана созылуын заң бұзу деп санамайды. «Біз шамалы сақтық жасадық»,- деді ол. «Дайындық жұмыстарының барысында біз бес үміткер де шараға қатысады деп есептеген едік. Және әрбір үміткер төрт раундта өзіне бөлінген уақытты тиімді пайдаланады деп ойлағанбыз. Бірақ кейбір үміткерлер уақытты үнемдеп қалды»,- деді Орталық сайлау комиссиясының төрағасы.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 17-қарашада республикалық «Хабар» телеарнасында президенттіктен үміткерлердің телепікірсайысы өткізілді. Оны үміткерлердің келісіміне сәйкес Орталық сайлау комиссиясы ұйымдастырды. Телепікірсайысқа бес үміткердің төртеуі қатысты.