Б.Табалдиев депутат Өмірбек Текебаевтан кешірім сұрады. Қырғызстан Ұлттық қауіпсіздік қызметі төрағасының бірінші орынбасары Жаныш Бакиевтің нұсқауымен Ө.Текебаевтың жүктерінің арасына есірткі салынып жіберілген болатын.
Б.Табалдиевтің айтуынша, «арнаулы операцияны» ұйымдастырған оның орынбасары өзінің іс-әрекеттері туралы басшысына хабар бермепті. «Өз басым Ұлттық қауіпсіздік қызметінің төрағасы ретінде болған оқиғаға қатысты жауапкершіліктен жалтармаймын»,- деді Б.Табалдиев отствакаға кету себебіне берген түсініктемесінде.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, депутаттық комиссия Қырғызстан президентінің туған бауыры Ж.Бакиевтің депутат Ө.Текебаевтың басынан кешкен оқиғаға тікелей қатысы бар екенін анықтаған болатын. Ө.Текебаев 6-қыркүйекте Польшада есірткі алып өтпек болған жерінен қолға түскен. Кедендік және шекара бақылауынан өтіп жатқан кезде Текебаевтың жүгінің арасынан, пластик тілмемен оралған 595 грамм есірткі табылған. Ол Варшаваның округтік прокурорының қаулысымен 48 сағатқа тергеу абақтысына тоғытылды.
Қырғыз елшілері мен саясаткерлерінің араласуымен ғана Ө.Текебаев абақтыдан босатылып, Бішкекке оралды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті