— Бұл сапар Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы өте берік қарым-қатынасты бейнелеп көрсетеді. Біздің еліміз Қазақстан экономикасына инвестиция салу жағынан екінші ең ірі инвестор болып табылады. Біз екіжақты ынтымақтастықты тек қана сауда-экономикалық саласында ғана белсенді түрде дамытумен шектелмей, авиатасымалы және аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз ету салаларында тиімді ынтымақтастықты жүзеге асырып келеміз. Мен Қазақстан президентінің өз елін қалай басқарып келе жатқаны жайлы өзімнің жылы лебізімді білдіргім келеді. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанды расында өте жемісті бағытта бастап келеді. Президент көпұлтты және көп конфессиялы елде ынтымақтастықтың үстемдігін тұрғыза білді. Қазақстан бүкіл аймаққа үлгі. Біз орнықты серіктестікке мұқтажбыз. Сондықтан мен Еуропаның Қазақстанмен стратегиялық серіктес ретінде жаңа қарым-қатынасы басталуы керек деп санаймын. Мен, осы тұрғыдан алғанда Ұлыбританияның тек сауда саласында ғана емес, саясат саласында да Қазақстанның маңдай алды серіктесі болғанын қалаймын, — деді Ұлыбритания үкімет басшысы баспасөз мәслихатында.
Тони Блэр Ұлыбритания Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болуын қолдайтынын және Қазақстанның лаңкестікке қарсы жүргізген жұмысына өз ризашылығын білдірді.
— Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы экономикалық қарым-қатынас өте қарқынды дамып келеді. Бүгін Лондон қор биржасында қазақстандық төрт компания өз акцияларын орналастырды, олардың арасындағы біреуі биржадағы жүз алып компанияның қатарына қосылды. Менімен бірге екіжақты іскер арақатынасты ұлғайту үшін үлкен топ қазақстандық бизнес өкілдері келді. Қазір, Қазақстан экономикалық реформалардың көшбасшысы, ашық нарықтық экономикасы бар мемлекет болғанда, Дүниежүзілік банк біздің елімізді әлемдегі инвестицияға ең тартымды елдердің бірі ретінде жариялады, — деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті