Бүгін Шығыс Қазақстан облысының әкімі Виктор Храпунов қалған бегендік 24 отбасына Семейдегі Селевин көшесінде тұрғын үй құрылысы жөніндегі мемлекеттік бағдарлама аясында салынған жаңа көп қабатты үйдегі пәтерлердің кілттерін табыс етті. «Осы арқылы Беген орман шаруашылығында болған зілзалаға байланысты мәселенің толық шешім тапқанын хабарлауға мұрсат етіңіздер. Бүгін зардап шеккен ең соңғы отбасылар пәтер кілттері мен құжаттарына ие болды»,- деді В.Храпунов.
Салтанатты шара барысында Семей әкімі Нұрлан Омаров «ендігі жерде зардап шеккен барлық бегендіктер өздері қоныстанған Семей қаласы әкімшілігінің қамқорлығында болады», деп сендірді. «Біз барлық балаларды мектептерге орналастыруға, шамамыз келгенінше ересектерді жаппай жұмыспен қамтуға тырысатын боламыз»,- деді Н.Омаров.
Бесқарағай ауданы әкімінің орынбасары Қайырбек Садықовтың хабарлауынша, Беген орман шаруашылығы тұрғындарына арналған көмектер әлі де келіп жатыр. «Қазірге дейін олар үшін 26 тонна ұн, 14 тонна қант, 15 тоннадан астам түрлі өнімдер жиналды. Сонымен бірге бегендіктердің есепшотына 20 млн. теңгеден астам қаржы келіп түсті. Тұрғындар өз қоғамдық комиссияларын құрып, ақшаны таратуда»,- деді Қ.Садықов.
Оның айтуынша, зардап шеккен 98 отбасынан 76-сы Семейден пәтер алса, қалғандарына Беген ауылы мен Үлкен Владимировка аудан орталығынан үйлер сатып алынған. «Отбасылар өз қалауларына сәйкес таратылып орналастырылды. Ауылда қалуға ниет білдіргендерге біз осындай мүмкіндік бердік. Ал Семейге қоныс аударуға ниет білдіргендер осы қалада жаңа пәтерлерге ие болды»,- деді Қ.Садықов.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті