Полицияның мәліметінше, қаланың Алмалы ауданындағы бір техникалық қызмет көрсету станциясында төлқұжат-виза тәртібін тексеру барысында осында істейтін бір қызметкер жалған құжат көрсеткен. Бұдан кейінгі тексерулер оның Түрікменстан ІІМ іздеп жатқан қылмыскер екені белгілі болды.
«1999-жылы бұл еркек сыбайласымен бірге Ашхабадтағы бір фирманың кеңсесіне қарақшылық шабуыл жасаған. Қылмыскерлер жолдарына тосқауыл болған күзетшіні айуандықпен өлтіреді. Тонап алған 17 мың доллар мен бірнеше миллион манатты бөліп алған әлгілер іздерін жасырып кеткен»,- деп хабарлайды тәртіп сақшылары.
Алматыда Түрікменстан азаматы жалған құжатпен бес жылдай тұрған. Ал оған дейінгі екі жыл ол Ресейдегі туыстарында жасырынып жүрген.
Қазір полиция тұтқынның Алматы аумағындағы қылмыстарға қатысы бар-жоқтығын тексеруде. Бұған қоса оған жалған жеке куәлік жасап берген адамдарды анықтауда. Тұтқынды Түрікменстанға экстрадициядау мәселесі шешілуде.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті