Кеше облыс орталығында 2007 жылғы 91 пәтерден тұратын бірінші коммуналдық үй пайдаға берілді. Бірінші рет пәтерлерді бөлу жұртшылықтың бақылауымен өтті. Атқарушы биліктің айтуынша, қоғамдық бақылау комиссия жұмысының нормасы болып табылады.
Пәтерлерді беру Павлодар облысының қаржы полициясы мен прокуратура қызметкерлерінің мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасын жүзеге асыруды тексеруін жалғастыру барысында өтті. Сөйтіп, облыстық прокуратура тұрғын үй бөлу жөніндегі қалалық комиссияның іс-қызметінен көптеген заң бұзушылықтарды анықтады.
«Біз шенеуніктердің заңды бұзу арқылы жекешелендірген 9 пәтерін анықтадық»,- деп мәлім етті агенттік тілшісімен сұхбаттасқан Павлодар облысының мемлекеттік органдардың іс-қызметінің заңдылығын қадағалау жөніндегі басқарма бастығы Бақытбек Әлиакпаров. «Барлық жағдайда да олар мемлекеттік қордың тұрғын үйіне мардымсыз ақша төлеген»,- деп атап көрсетті.
Б. Әлиакпардың сөздеріне сүйенсек, пысықай шенеуніктер заңды бұза отырып, мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған пәтерлерді өз меншігіне алған, сөйте тұра, олар 2 бөлмелі пәтер үшін небәрі 250 мыңдай теңге төлеген.
Павлодар облысының қаржы бөлімінің жуықта ғана тағайындалған бастығы Мереке Иманбаев шенеуніктер тұрғын үйді заңсыз жекешелендіруден келген шығынды қайтаратындықтарын айтты. «15-мамырға дейін осы адамдар пәтердің шынайы бағасы мен өздері төлеген ақшаның айырмасын төлеуге міндетті»,- деп мәлімдеді Мереке Иманбаев. «Бұл мәселе біздің тұрақты бақылауымызда»,- деп атап өтті ол.
Сонымен қатар, қалалық қаржы бөлімі кезекте тұрғандардың тізімін тексеруді жалғастырады. Тексеруден кейін тізімнен 70 адам шығарылды. «Бұл адамдар қандай да бір себептерге байланысты мемлекеттік бағдарлама бойынша тұрғын үй алуға үміттене алмайды»,- деп түсіндірді Павлодар облысының қаржы бөлімінің бастығы.
Сонымен қатар, облыстық прокуратура қызметкерлері комиссияның 2 жылғы жұмыстарының шешімін тексеруде.
«Біз тексерген хаттамалардың көбісінің заңды күшінің болмауымен бетпе-бет келеміз. Комиссия мүшелері түгелдей қол қоймаған, немесе олар түсініксіз толтырылған, немесе шешім мәтінінен комиссияның қандай шешім қабылдағаны түсіну мүлдем мүмкін емес. Бұл қылмыстық ниет пе, әлде жай ғана немқұрайлылық па, ол әлі анықталады»,- деп сендірді Павлодар облысы прокуратурасының мемлекеттік органдардың іс-қызметінің заңдылығын қадағалау жөніндегі басқарма бастығы Бақытбек Әлиакпаров.
Тексерушілердің қолында 16 құжат бар, олардың 14-і — 2005 жылғы, және небәрі 2-і — 2006 жылғы құжаттар. «Шенеуніктер басқа құжаттардың қайда екендігін түсіндіре алмады. Бірақ қолда бар құжаттардың өзі комиссия жұмысын қанағаттанарлық емес деп тануға жеткілікті»,- деп атап өтті Б. Әлиакпаров.
Прокуратура қызметкерлерінің ақпараттарына сүйенсек, заң бұзушылықтар ипотекалық тұрғын үй бөлуде де кездеседі. «Ипотекалық келісім жасаған 642 адамның келісім жасау кезінде 80-нің жеке пәтері болған. Бұл заңды тікелей бұзу»,- деді Б. Әлиакпаров. «Бірақ комиссия бұған ашықтан-ашық көз жұмған»,- деген сенімде ол.
Облыстық прокуратура тұрғын үй бөлумен айналысатын шенеуніктердің үстінен бірқатар қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта тұрғын үй алу кезегінде 5 мыңға жуық павлодарлық тұр.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті