Осы орайда еске сала кетсек, 24-сәуірде Алматыны 2020-жылға дейін дамыту жөніндегі бас жоспарды жүзеге асыру мәселелеріне арналған кеңесте республика үкімет басшысы Кәрім Мәсімов прокуратураға Алматы өзендерін бойлай құрылыс салудың заңдылығын тексеруді тапсырған болатын.
К.Мәсімов «қала тұрғындарының өзен жағалауларында жүре алмай қалғанын» атап өткен. «Өзендерді жағалай бетон тақталар тұрғызылған. Бәрін қоршап тастаған, демек, бәрінің қожайыны бар деген сөз. Мұндай жағдайға қалай жеттік деген сауал туындайды»,- деді үкімет басшысы кеңесте. Осыған байланысты ол заң бұзушылықтарды жойып, заңсыз тұрғызылған ғимараттарды бұзуды тапсырған.
«Бұл жұмыстардың нәтижесі қыркүйек айына таман шығады. Ғимараттарды бұзуды осыдан кейін ғана қолға алуға болады»,- деді қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов кеше Есентай өзенінің арнасын жаңалау барысымен танысып шыққаннан кейін.
И.Тасмағамбетовтың айтуынша, су қорғау аймақтарындағы ғимараттар келіссөздер мен өтемақы төлеуден кейін ғана бұзылады.
Алматы аумағында жалпы ұзындығы 220,8 шақырымды құрайтын 22 өзен ағады.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті