«Қазақстан ешқашан өз тарихында Олимпиадаларда үштен артық алтын медаль алып көрген жоқ. Орталық Азия мен бүкіл дүниежүзінде экономика үлкен қарқынмен өсіп келе жатқан қазіргі сәтте бұл мүмкін емес», — деді Т. Досмұхамбетов.
«Олимпиада ойындарына 200-ден астам ел қатысады және олардың әрқайсысы да алтын жүлдеден үміттенеді», — деді ол. Оның айтуынша, Пекинде Қазақстан жалпы 10 медальға үміт арта алады. «Алдын-ала көріпкелдік жасамай-ақ қояйық, бірақ, алла жазса, егер өткен Олимпиадада жалғыз алтын медаль алсақ, келесісінде кем дегенде 2-3 алтын, 2-3 күміс, 3 қола медальдан үміттеніп отырмыз, демек, он шақты жүлдеден дәмеміз бар», — деді министр.
«Спортшыларымыз сайыстарға жақсы қамданып, ойдағыдай бейімделе алған жағдайда оған қол жеткізу мүмкіндігі бар», — деген сенім білдірді министр. «Біз биыл жолымыз болып, спортшылардың дайындығы жөнінде Қытаймен ерте бастан келісіп алдық, тіпті Қытайға жақын жатқан елдерден, Ресейден де бұрын тіл табыстық, соның нәтижесінде қазір біздің спортшылар ондағы күн райы ахуалында дайындалып, Олимпиада өтетін спорттық базаларға бейімделіп жатыр», — деді ол.
Т. Досмұхамбетовтың айтуынша, қазіргі жағдаймен қазақстандық атлеттер 26 олимпиадалық лицензияны жеңіп алды — жеңіл және ауыр атлетикада , суда жүзуде, атыс спортында, бессайыста. «Спортшы мен оның жаттықтырушысына алтын медаль алғаны үшін берілетін бір мәрте төлем мөлшері де ұлғайтылды», — деді министр. Бірақ ол төлем мөлшерін ашып айтпады.
Өз кезегінде еліміздің мәдениет және ақпарат министрі Ермұхамет Ертісбаевтың пайымдауынша, Қазақстанда қазір ұлттық құрамаларға еліміздің азаматтығын алуға ниеті бар шетелдік спортшыларды да қамтуға мүмкіндігі бар.
«Қаңтарда өздері айналысатын спорт түрлері бойынша әлемдегі жетекші үштікке кіретін спортшылар Беларусь, Ресей, Өзбекстан және тіпті Болгариядан хабарласып, Қазақстан азаматтығын алуға, еліміздің байрағы астында сайыстарға қатысуға ниет білдірді. Өйткені, қазір Қазақстан тұрақты мекенденуге тартымды елге айналды. Ондай жағдайда біз бұдан да көп олимпиадалық жүлдеден үміттене алар едік», — деді мәдениет және ақпарат министрі.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті