Сайлау ассамблеяның 341 мүшесі қатысып отырған 13-ші сессиясы аясында өтіп жатыр. Тоғыз депутатты сайлау құпия дауыс беру жолымен өтеді.
Сессияны ашқан мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев, негізгі екі мәселе — ассамблеядан депутат сайлау және ассамблеяның жаңа конституциялық мәртебесіндегі бірінші кезектегі перспективті міндеттері қаралатындығын еске сала кетті. «Біздің жұмыстарымыз жемісті болады деп сенемін»,- деп қорытындылады президент.
Бұрын хабарлағанымыздай, Қазақстан халқы ассамблеясынан келесі үміткерлер ұсынылған: Мұрат Ахмадиев (ұлты ұйғыр), Валерия Виниченко (украин), Егор Капель (неміс), Раиса Полищук (орыс), Леонид Питаленко (белорус), Қайрат Садуақсов (қазақ), Рузакул Қалмуратова (өзбек), Людмила Хачиева (болгар), Виктор Цой (кәріс).