Қырғызстандық блогер Әлібек Сыдығалиев Алматыға жасаған сапарынан кейін оңтүстік мегаполисті Орталық Азиядағы адамға жайлы қалалардың бірі деп бағалады. Оның пікірінше, соңғы он жылда Алматы урбанистика мен қоғамдық кеңістіктерді дамытуда айтарлықтай ілгерілеп, көрші қалалардан бірнеше жылға озып кеткен. Caravan.kz медиа порталының тілшсі оңтүстік астананың басты артықшылықтарына тоқталады.
Блогердің айтуынша, қаланың басты ерекшелігі биік ғимараттар мен кең көшелер емес, бұл өңірде адамның жайлылығы бірінші орынға қойылған.
«Алматы шынымен де 5–10 жыл алға озып кеткен бе? Осы сұраққа жауап іздеу үшін келдім», – дейді блогер.
Сыдығалиев ең алдымен қаланың жасыл желегіне назар аударған. Оның айтуынша, көшелердегі көпжылдық ағаштардың сақталуы Алматының табиғи келбетін ғана емес, тұрғындардың өмір сапасын да жақсартқан.
«Жаздың аптабында да ағаштардың көлеңкесінде жаяу жүру өте жайлы. Алматы маған Бішкекке қарағанда әлдеқайда жасыл әрі өмір сүруге қолайлы қала болып көрінді», – дейді ол.
Блогердің айтуынша, Алматыда қалалық кеңістіктерді жаңғырту жұмыстары 2015 жылдан бастап жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Осы уақыт аралығында жаяу жүргіншілер аймақтары кеңейіп, велосипед жолдары салынды, саябақтар мен демалыс орындары көбейді, ал тарихи көшелердің келбеті сақтала отырып жаңартылған.
Оның ерекше назарын аударған жайттардың бірі – кеңестік кезеңнен қалған ғимараттарды бұзбай, заманауи талаптарға сай қайта жаңғырту тәжірибесі.
«Кейбір қалалар ескі ғимараттарды сүріп, орнына әйнекпен қапталған бизнес орталықтарын тұрғызады. Ал Алматы тарихи сәулетін сақтай отырып, оған жаңа тыныс беруге тырысады», – дейді ол.
Блогер сондай-ақ жөндеу жұмыстары кезінде тұрғындардан кешірім сұрап, «Бұл – сіздердің болашақтарыңыз үшін» деген жазуы бар қоршаулар орнатылатынын мысалға келтіріп, мұндай тәсіл қала мен тұрғын арасындағы өзара құрметтің белгісі екенін айтты.
Сыдығалиев қаладағы велосипед инфрақұрылымын, кең тротуарларды, ыңғайлы аялдамаларды, көгалдандыру жұмыстарын және жаяу жүргіншілерге арналған шешімдерді де жоғары бағалады. Оның пікірінше, мұндай өзгерістер адамдарды көбірек жаяу жүруге, спортпен айналысуға және қоғамдық кеңістіктерді пайдалануға ынталандырады.
Бейнероликте кәсіпкер Нұрлан Смағұлов салған Almaty Museum of Arts музейі де мысал ретінде көрсетіледі. Блогер бұл жобаны бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің жарқын көрінісі деп атады.
«Қалаға тек сауда орталықтарын ғана емес, мәдени кеңістіктерді де сыйлау – нағыз дамудың белгісі», – дейді ол.
Алматыдағы Терренкур мен Кіші Алматы өзенінің жағалауы да блогерге ерекше әсер қалдырған. Оның айтуынша, мұнда балалар алаңдары, спорт аймақтары, демалыс орындары, кофеханалар мен серуен жолдары бір-бірімен үйлесімді байланыстырылған.
«Қалалық орта адамның өмір салтын өзгертеді. Осындай орындар көбейген сайын адамдар спортпен шұғылдануға, серуендеуге және таза ауада уақыт өткізуге көбірек ұмтылады», – дейді Сыдығалиев.
Блогер Алматы тұрғынымен де тілдесіп, соңғы он жылдағы өзгерістер туралы пікірін сұраған. Қала тұрғыны қоғамдық кеңістіктердің айтарлықтай жақсарғанын айтып, Терренкур бұрынғыға қарағанда халық көп жиналатын сүйікті демалыс орнына айналғанын жеткізді.
Сонымен бірге автор Алматының мәселелерін де атап өтті. Оның пікірінше, мегаполистің ең үлкен кемшілігі – көлік кептелісі мен автомобильдердің шамадан тыс көптігі.
«Көлік легі өте тығыз. Бұл қаладағы басты мәселе шығар. Үнемі қозғалыс, үнемі шу адамның тез шаршауына әсер етеді», – дейді ол.
Блогер сөз соңында қаланың дамуы жолдардың енімен немесе биік ғимараттардың санымен өлшенбеуі тиіс екенін айтты.
«Заманауи қала – адамдар үшін салынған қала. Баланы қауіпсіз түрде ойын алаңына жібере алатын, кешке жаяу серуендейтін, демалысын музейде, саябақта немесе қоғамдық кеңістікте өткізетін орта. Әлемдегі ең жайлы қалалар бүгінде автомобильдер үшін емес, адамдар үшін салынып жатыр. Алматы да осы бағытқа бет бұрған», – деп түйіндеді Әлібек Сыдығалиев.
Сонымен қатар ол Бішкек билігіне Алматының тәжірибесіне назар аударуға кеңес беріп, қаланы дамытуда урбанистердің кәсіби ұсыныстары мен халықаралық тәжірибені көбірек қолданудың маңызын атап өтті.