Бүгін жанармай тарату станциясында «Бриз-М» үдеткіш блогына отын компоненттері мен сұйытылған газ құю жұмыстары жүргізілуде. Бұдан кейін «Бриз-М» үдеткіш блогы №92А-50 алаңының монтаж-сынақ корпусына жіберіліп, онда «Бриз» электр желілерін тексеру және Sirius-4 ғарыштық аппаратымен және өтпелі жүйемен түйістіріледі.
«Протон-М» зымыран тасығышы №92-1 алаңның монтаж-сынақ корпусында 4 қарашада құрастырылады.
Салмағы 4600 килограмм болатын Sirius-4 ғарыштық аппаратын Loсkheed Martin Commercial Space Systems (LMCSS, АҚШ) компаниясы 1982 жылы Швеция және Норвегия үкіметтерінің тапсырысымен құрылған, Орталық, Шығыс Еуропа, Скандинавия мен Прибалтикада жетекші спутниктік байланыс операторы болып табылатын SES Sirius AB компаниясының A2100AX платформасының базасында жасап шығарған. Жалпы алғанда Еуропада компания қызметін 110 астам телеарна мен 37 радиостанция тұтынады.
Sirius тобы жер серіктері шығыс бойлықтың 5 градусында геостационар ғарыштық орбитада орналасқан және Еуропа елдерінде Ка және Ku диапазондарында кең ауқымды хабар тарату және мәліметтер беру арналарын қамтамасыз етеді. Sirius жер серіктерінің қуатты транспондерлері шағын антенналардың көмегімен хабарлар қабылдауға мүмкіндік береді.
Sirius-4 ғарыштық аппараттарын «Протон-М» зымыран тасығышы мен «Бриз-М» үдеткіш блогының көмегімен ұшыру 18 қарашаға межеленген.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті