Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Сирия Араб Республикасына тұңғыш мемлекеттік сапары басталды.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың осы елге тұңғыш мемлекеттік сапары Қазақстан Республикасы мен Сирия Араб Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнауының 15 жылдығында өтіп отырғаны айрықша оқиға.
Кеше Сирия президентінің сарайындағы салтанатты қарсы алу рәсімінен кейін Нұрсұлтан Назарбаев пен Башар Асад шағын және кеңейтілген құрамдағы келіссөздер жүргізді.
Меймандос әрі конструктивті ауанда өткізілген келіссөздер барысында тараптар саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екі жақты ынтымақтастықты дамыту жолдарын талқылады.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Сирияның араб және мұсылман дүниесіндегі маңызы мен оның Таяу Шығыстағы аймақтық саясаттағы маңызды ролін жоғары бағалайтынын атап көрсетті.
Президент Нұрсұлтан Назарбаев бұған қоса Қазақстан араб мемлекеттерінің ұзаққа созылып кеткен таяу шығыс шиеленісін шешуге деген талпынысын қолдайтынын мәлімдеді. Қазақстан араб-израиль шиеленісінің дүниежүзінің мүддесіне сай және БҰҰ қарарының шеңберінде әділетті әрі жан-жақты шешілуін қолдайды.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Сирияны Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес пен Әлемдік және дәстүрлі дін жетекшілерінің сьезіне қатысуға шақырды.
Жоғары деңгейдегі келіссөздердің маңызды бір тақырыбы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық мәселелеріне арналды. Қазақстан мен Сирияның көп ғасырлық байланысы бар. Мәселен, Дамаск қаласында қазақ даласының дүлдүлдері Әбу Насыр әл-Фараби мен Бейбарыс Сұлтан жерленген. Кеңес Одағы кезінде Сирияда сан мыңдаған қазақстандықтар еңбек етсе, Қазақстанда мыңдаған сириялық студенттер білім алды.
Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту мақсатында мемлекет басшылары жоғары оқу орындары, ұлттық кітапханалар деңгейінде ынтымақтастықты дамыту, көрмелер мен мәдениет саласындағы басқа да бірлесткен жобаларды жүзеге асыру қажеттігін атап көрсетті.
Жоғары деңгейдегі келіссөздердің қорытындысы бойынша өткен келіссөздерде сөз сөйлеген Нұрсұлтан Назарбаев Палестина халқының өз мүддесінр заңды қорғау құқығы мен Голан биіктігін Сирияға қайтару қажеттігін атап өтті. Бұған қоса Қазақстан өңірдегі басқа да мемлекеттермен бірге Израильдің де бейбітшілік пен қауіпсіздік жағдайында өмір сүру құқығын мойындайды.
Сирия президенті Б.Асад Нұрсұлтан Назарбаевтың Азиядағы және әлемдегі ғаламдық бастамаларын Сирия қолдайды деп атап өтті. Олар жоғары бағаға лайық. Каспий теңізінде және Орталық Азияда болып жатқан оқиғалар, сондай-ақ, Таяу Шығыста болып жатқан оқиғалар өзара тығыз байланыстағы халықаралық оқиғалар. «Біз осынау процестердің жалғасын табуын қолдаймыз және Сирияның оған атсалысуға ниеті бар» — деді Сирия президенті.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев осы жолғы Дамаск сапары Қазақстан -Сирия ынтымақтастығын дамытуға тың серпін береді дегенге сенім білдірді.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті