«Біз Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыру үшін бірнеше тауқыметті шешуіміз қажет. Транзитті тасымалмен қамтамасыз ету үшін бізде жеткілікті мөлшерде жылжымалы құрам болуы керек», — деп мәлімдеді Ж.Құлекеев.
Оның түсіндіруінше, «транзит негізінен контейнерлерде, поездерде, жабық жартылай вагондарда жүзеге асырылуда». Демек, Қазақстанға «контейнерлер тасымалдауға қажетті фитингтер керек». Қазіргі жағдаймен, Ж.Құлекеевтің айтуынша, Қазақстанда «небәрі 1600 фитинг бар, ал Қытайдан күн сайын транзитке 200-ге жуық контейнерлер қабылданады».
«Тапшылық салдарынан біз өз әріптестерімізге, басқа да темір жол әкімшілеріне жүгініп, олардан фитинг сұрауға мәжбүрміз», — деді ҚТЖ президенті.
«Демек, жылжымалы құраммен қамтамасыз ету саласында дәл қазір түбегейлі өзгерістер болмаса, транзит туралы сөз қозғау тіпті де мүмкін емес. Жылжымалы құрамның жоқтығы қазірдің өзінде тежеуші факторға айналды», — деді ұлттық компанияның басшысы.
Оның айтуынша, тағы бір тауқымет — контейнерлер тапшылығы болып табылады. Ж.Құлекеевтің сөзіне жүгінсек, «ҚТЖ компаниясының «Қазтранссервис» атты еншілес компаниясы бар, оның иелігінде 2 мың контейнер бар және ол ішкі нарықта 20%-тен кем түспейтін үлес иемденеді. Ал 80%-ін Ресей мен Қытайдың ірі контейнерлік тасымалдаушылары иемденіп алған, Біз өз нарығымыздағы үлестен әлдеқашан қағылып қалдық», — деді ол.
Ол осыған байланысты өз еншілес компаниясын нығайту үшін «осы компанияның жарғылық капиталын қалыптастыру үшін 1 млрд теңге бөлуге шешім шығарғанын» хабарлады. Сонымен бірге, алдағы жылы қосымша 2-3 мың контейнер сатып алу межеленген. «Алайда, біздің үлесіміз соның өзінде 20%-тен аспайды», деді Ж.Құлекеев.
«Сол себепті таяу болашақтағы міндет ішкі контейнер тасымалдаушы операторды құруға саяды. Бұған біздің қаржымыз жетпейді», -деді ҚТЖ басшысы.
Ж.Құлекеевтің пікірінше, бұл оператордың иелігінде «жеткілікті мөлшерде контейнерлер, жүк түсіруге арналған алаңдар, өзіне тиесілі жөндеу базасы болуға тиіс». Бұған қоса, компания президентінің пікірінше, «Қазақстанда тым құрыса қарапайым контейнерлер шығаруға мүмкіндік туса құба-құп болмақ».
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті